Отандық музейлер елді «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегіне біріктіруде маңызды рөл атқарады - Б. Төлтаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК кешенінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейлер және мәдени ландшафттар» атты шара өтті.

Оған қаладағы музейлердің басшылары, музейтанушы ғалымдар, муниципалдық органдар мен шетелдік мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

«Халықтың ғасырлар бойы жинаған ұлттық игіліктері өскелең ұрпаққа сақталған және толықтырылған күйінде жетуі керек. Өйткені, тарихын білмеген ұлттың болашағы қараң. Бұл жерде еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын, өзіндік ерекшелігін сақтауда және халықты «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегіне біріктіруде отандық музейлер маңызды рөл атқарады. Олар материалдық және материалдық емес ескерткіштерді жинап, сақтай отырып, үлкен ғылыми ағартушылық, білім беру және тәрбиелік жұмыстар жүргізіп келеді. Мұның барлығы келушілерді ел тарихымен, тағдырымен, таныстыруға және оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған», - деді «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Бауыржан Төлтаев.

Сонымен қатар, бүгінгі шара барысында музейлердің қызметін нығайту мәселелері талқыланып, тың ұсыныстар айтылды.   

Айта кетелік, бүгінде «Ғылым ордасы» РМК-да бес музей жұмыс істейді. Олар: Табиғат, Археология, Сирек кітаптар және Қазақстан ғылымының тарихы музейі. Өткен жылы оларды 30 мыңдай адам тамашалаған.

Ал жыл сайын 18 мамырда бүкіл әлемде музей қызметкерлері  өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді.  Аталмыш мереке - күнтізбеде 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің (International Museum Day (ICOM) кезекті отырысында осы мәдени мерекені бекіту туралы Ресей ұйымының ұсынысымен қабылданды.  1978 жылдан бері Халықаралық музейлер күні 150-ден астам мемлекетте мерекеленіп келеді.