Отандық өндірушілер экспорттық өнімдер шығарғанда ғана бәсекеге қабілетті бола алады - Н. Тәлібжанов
Оның айтуынша, көптеген отандық тауар өндірушілер экспорттық байланыстарды дамытудың маңыздылығын әлі де жеткілікті түсіне бермейді.
«Жаhандану аясында нарықтың ауқымы кеңейіп жатыр. Импорттық тауарларға қатысты шектеулер алынуда. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енді. Осыған байланысты жергілікті тауарлар мен импорттық тауарлардың бағасы да біртіндеп теңесіп келеді. Мұндай жаңа жағдайда отандық өндірушілер тауарларын тек жергілікті нарыққа емес, экспортқа бағыттап шығаруға міндетті. Сонда ғана олар бәсекеге қабілетті болып, бизнесін сақтап қала алады», - деді Н. Тәлібжанов.
Ол сонымен қатар, отандық бизнес өзіне сенімді болуы үшін, қаржы көздеріне және ақпаратқа қол жетімділігін арттыру керектігін жеткізді.
«Дамыған елдерде Жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 50 пайызын шағын және орта бизнес құрауы керек. Өйткені, шағын және орта бизнес - экономиканың тірегі, халықты жұмыспен қамту көзі. Сондықтан елімізде бизнеске қаржылық жағынан қолдау көрсету мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Ал осындай форумдарда кәсіпкерлер көп ақпарат жинайды. Ал бұл оларға осындай күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді, - деді Н. Тәлібжанов.
Айта кетелік, АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) ұйымдастыруымен өтіп жатқан форум екі күнге созылады. Оған 20 елден 600-ден астам өкіл қатысуда. Осы аралықта әр түрлі іскерлік кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Форум аясында кәсіпкерлер арасында саудалық келісім-шарттарға қол қойылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, бүгін форум аясында Орталық Азия елдерінде өндірілетін тауарлар бойынша көрме ашылды.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне байланысты осы ұйымның нормаларына сәйкес, өзіне жүктелген міндеттемелерді орындай бастайды.