Отандық өнімді тұтынып, жергілікті тауарларға сұраныс артса, экономиканың дамитыны анық - Мәжіліс депутаты Ф. Қаратаев
Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының мүшесі,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, осы Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Фахриддин Қаратаев өз пікірімен бөлісті.
- Әлемдегі дамыған кез келген мемлекетті алып қарайтын болсақ, бірінші кезекте, барлығында жергілікті тауар өндірушілердің өнімдеріне ерекше мән берілген. Осының арқасында экономиканың негізгі күре тамыры болып саналатын сауда-саттық қарқынды дамыған.
Елбасымыз елімізде шығып жатқан отандық өнімдерді қашанда қолдап келе жатқаны баршамызға белгілі. Осы жақында отандық өнімдердің сұранысын арттыру мақсатында елордамызда «Қазақстанда жасалған» атты ақциясы өтіп, республикамыздың барлық өңірлерінен келген 300-ден аса отандық тауар өндірушілер өз өнімдерін ел назарына ұсынып, мемлекет тарапынан қолдау тапты. Осының нәтижесінде отандық өндірушілер жеңіл өнеркәсіп пен көлік құрастыру, құрылыс салаларында тың бастамаларға бағыт алып келеді. Мысалы, соңғы 6 жылда 2 мың өнеркәсіптік кәсіпорын мемлекеттік қолдауға ие болды, 500 мың жұмыс орны ашылды. Енді «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін отандық көліктік машина жасау өніміне сұраныс артатыны анық. Жол жөндеу кезінде 95 пайыз отандық өнім материалдарын қолдануға мүмкіндік туған.
Жалпы айтқанда, елімізде отандық өндірушілерге баса назар аударылып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Осының арқасында отандық өнімге сұраныс артып, кәсіпкерлерге көмек көрсетіліп, өзімізде өндірілген өнімдер халық қуанышын арттырып келеді.
Бүгінде қазақстандықтар сырттан ағылған өнімдерді сапасына қарай таңдап, талғайтын жағдайға жетті. Шетелде шығарылған тауарды отандық кәсіпкерлер өндіруге қауқарлы. Өндіріп те жатыр. Тұрғындар отандық өнімді тұтынып, жергілікті тауарларға деген сұраныс артса, ел экономикасының одан әрі қарыштап дамитыны анық. Ендеше, барша қазақстандықтарды өзгенің қызылына қызықпай, отандық тауарды таңдауға шақырар едім.