Министр атап көрсеткендей, сүт саласы елдің ауыл шаруашылығы кешенінің негізгі саласы болып табылады. Республикада өндірілетін барлық азық-түлік өнімінің 20 пайызы осы саланың үлесінде. Адам басына шаққанда сүт өнімдерін пайдалану көлемі де жыл сайын артып келеді. Қазақстанда және бүкіл әлемде сүт өнімдеріне сұраныс жоғарылап келеді. Бірақ өндіріс қарқынының халық санының арту қарқынына ілесе алмауынан дүниежүзілік азық-түлік проблемасының өршуі жалғасуда.
«Бұл түйіткіл сүт саласын да айналып өтпеді. Мәселен, бізде жыл сайын сүт өндірісі артып отырғанына қарамастан, өнеркәсіптік өңдеуге оның тек 30 пайызы ғана жіберіледі. Оның бірқатар объективті себебі де бар. Отандық өндірушілер кейбір сүт өнімдерінің сапасы мен бағасы жағынан көршілес мемлекеттер, соның ішінде Кедендік одақ елдері тарапынан қысымға ұшырауда», - деді ол.
Осы ретте ведомство басшысы, аталмыш саладағы өзекті мәселелерді талқыға салып, оның түйінін тарқататын шешімдерді қабылдауда, бүгін министрлік қабырғасында өтіп жатқан «Кедендік одақ аясында Қазақстан Республикасының сүт саласының жағдайы мен проблемасы» тақырыбындағы конференцияның маңызы жоғары екендігін айтты.