Отандық тауар өндірушілерге жеңілдетілген несиелер қалай беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет мүшелері ауыл шаруашылығы саласында 400-ден астам өңдеу кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау шараларын қолдады.

Арнайы картаға сәйкес, нақты 9 бағыт бойынша жұмыс істеп жатқан орындар жеңілдетілген несиелер ала алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мысалы, бүгінде өңдеу кәсіпорны өзінің ақша айналымын ұлғайту мақсатында 100 млн теңге көлеміндегі несиені алса, банктің 14 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен ол ақшаның үстінен 14 млн теңге төлеп беруі тиіс. Ендігі кезекте, мемлекет мөлшерлеменің 4 пайызын, яғни 4 млн теңгесін өтейді. Сонда кәсіпкер банкке 10 млн теңге көлеміндегі сыйақы мөлшерлемесін төлеп береді. Айналымдағы ақшаны ұлғайтуға берілетін несиелердің мерзімі - бір жыл", - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.

Оның айтуынша, кәсіпорындар өз өндірісін жаңартуға, я болмаса, жаңа нысандарды салуға да жеңілдетілген несие ала алады. Қазіргі кезде ондай займның мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды. Мемлекет ол ставканың 10 пайызын субсидиялайды. Бұл дегеніміз, 100 млн теңгенің сыйақы ставкасы 16 пайыз, яғни 16 млн болса, соның 10 млн теңгесі мемлекеттің есебінен өтеледі. Сонда кәсіпкер банктің берген ақшасына тек 6 млн-ды ғана қосып береді.

"Бұдан бөлек, инвестициялық субсидиялар да бар. Мәселен, өңдеу кәсіпорны 100 млн теңгеге құрал-жабдықтарды сатып алса, мемлекет ол жабдықтарға кеткен шығынның 25 пайызын қайтарып береді. Осылайша, біз өнеркәсіптердің теxникалық жағдайын көтеруді көздейміз", - деп атап көрсетті Құрманов.

Айта кетейік , Үкіметтің бүгінгі отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметов өнім өңдеу кәсіпорындарының картасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болатын нақты нысандардың анықталғанын жеткізді.  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өнім өңдеу саласындағы кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау катасын іске асыруға тапсырма берд і.