Отандық тауарларды сауда жүйелері арқылы тарату қиын болып тұр ? тауар өндірушілер

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Отандық тауар өндірушілер өз өнімдерін сауда жүйелері арқылы тарату мүмкіндігін алудың қиын екендігін айтуда. Бүгін Индустрия және сауда министрлігінің Сауда комитеті осы проблемаға байланысты елордадағы сауда жүйелері мен отандық тауар өндірушілердің басын қосты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сауда комитеті төрағасының орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, ішкі нарықта отандық тауар шығарушылар өз өнімдерін сауда жүйелері арқылы таратуға мүмкіндік ала алмауда. Өйткені ірі сауда орталықтары тауар өндірушілерге қатаң талаптар қойып отыр.Атап айтқанда, сауда орталықтарымен келісімшартқа отыру үшін өндірушілер белгілі бір сомада ақша немесе келісім пайыздарын төлеуі тиіс және ай сайын бонус негізінде қосымша қаржы беруі шарт. Сонымен бірге сауда орталықтары тауарды жарнамалық басылымдарда жарнамалауды міндеттейді. Тауарлардың мерзімі немесе тауарлық түрі бұзылған өнімді ауыстырып тұратын арнайы штат та құруға тура келеді. «Былайша айтқанда, жел тек бір бағытқа соғып тұр», дейді отандық тауар өндірушілер. Бұл талаптар отандық кәсіпорындардың наразылығын туғызып, Сауда комитетіне шағым түсіруіне себеп болған. Бұл мәселе тұтынушыларға, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен жұмыспен қамту салаларына да қатысы бар болғандықтан, отырыс алаңын ұйымдастырдық», дейді Сауда комитеті төрағасының орынбасары С. Жұманғарин.Тараптар арадағы түйткілді шешу амалдарын қарастырып, белігілі бір ымыраға келуі тиіс. С. Жұманғаринның айтуынша, келісім болмаған жағдайда қолда бар ықпал ету тетіктері немесе әкімшілік шаралар қолданылмақ.