Отандық телеарналар таратылымдарының 1 пайызын әлеуметтік роликтерге бөледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық телеарналар таратылымдарының 1 пайызын әлеуметтік роликтерге бөледі. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нашырәлі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік жарнамаларды қалыптастыру және орналастыру ережесі телеарна таратылымның айлық жалпы көлемінің 1 пайызын әлеуметтік жарнамаға арналуын көздейді. Біздің есептеуімізше, бұл шамамен күніне 10 таралымды құрайды. Күніне кешке қарай екі рет көрсетуді қарастырдық. Яғни, сағат кешкі 6-дан кейін мемлекеттік және орыс тілдерінде бір-бірден әлеуметтік жарнама көрсетіледі. Ереже аясында орташа ұзақтық шамамен 45 секундты құрайды деп есептеп отырмыз. Біздіңше, бұл барынша оңтайлы уақыт. Жалпы ережені барлық телеарналармен кеңестік. Олар өздерінің ұсыныстарын, ескертулерін айтты. Біз оларды ескердік», - деді ол Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңесте ереже жобасын таныстыра келе.

Оның айтуынша, жарнамалар отбасылық, рухани-адагершілік құндылықтарын, отаншылдықты насихаттайтын болады.  Жұмыс органы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі саналатын  Телерадио хабарларын таратуды дамыту жөніндегі комиссия жарнама көлемін, айналым мерзімін анықтайтын болады.

«Іс жүзінде тәртібі барынша қарапайым әзірленген. Комиссияға мемлекеттік органдардан жарнамалардың тізбесі беріледі. Олар жеке заңды және жеке тұлғалардан да ала алады. Одан кейін Телерадио хабарларын таратуды дамыту жөніндегі комиссия отырысында өтінімдер қаралып, әрбір телеарна бойынша видеороликтердің тізбесі мен олардың таралу мерзімі анықталады», - деді ол.