Отандық телевидениеде мұндай мегажоба болмаған - Ерлан Қарин

None
АСТАНА.ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ерлан Қарин 30 қыркүйектен бастап «Qazaqstan» ұлттық арнасының көрермендеріне жол тартатын «Жібек Жолы Жұлдыздары» жобасының өткізілу тәртібі туралы айтып берді, депхабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біздің отандық телевидениеде мұндай деңгейдегі жоба болмаған. Біз үшін бұл жоба өте маңызды. Аталған жоба арқылы аудиторияны кеңейтіп қана қоймай, ең басты мақсатымыз - өз еліміздің музыкалық мәдениетін кең тұрғыда насихаттауды көздеп отырмыз. Бағдарламаның концепциясына сәйкес, шетелден келген қатысушылар әр кезең сайын міндетті түрде қазақ әндерін орындап отыратын болады", - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, бірінші кезеңде өз елдерінің танымал хит әуендерін таныстырылым ретінде айтар болса, екіншісінде қазақстандық әндерді өзтілдерінде айтатын болады. Одан кейін тағы бір кезеңде танымал өз елдерінің әндерін қазақ тіліне аударып айтады. Сондықтан, жалпы 10-нан аса эпизод болса, оның бесеуінде қазақ композиторларының әндері орындалады.

Жобаның негізгі мақсаты - осы арқылы қазақ музыкасын кең тұрғыда насихаттап, шет елдерде таныта беру.

"Көктем айынан бері жоспарлап, жаз бойы жүзеге асыру үшін жұмыс атқардық. Арнайы топ жұмыс жүргізді. Бұл жобаға баса маңыз беріп отырмыз», - деді Ерлан Қарин.

Еске сала кетсек, «Жібек Жолы Жұлдызы» атты жаңа халықаралық мегажобасында 9 елдің, атап айтқанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Грузия, Ресей Федерациясының: Татарстан, Башқұрстан сияқты елдерінің жарқын жұлдыздары бір сахнада бақ сынасады. Аталған ән сайысында Қазақстанның намысын әнші Айқын Төлепберген қорғайды.