Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында төменгі палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов айтты.
«Отандық тоқыма және тігін өнеркәсібі республиканың ішкі нарығы қажеттілігін тек 8 пайыз, аяқ киіммен 1 пайызға ғана жуығын қамтамасыз етеді. Ал жеңіл өнеркәсіп өнімінің 90 пайыздан астамы импорттың үлесіне тиесілі болып отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, 2008 жылдан бастап 2013 жылға дейінгі аралықта жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты 5 есеге жуық өсіп, өсу қарқыны рекордтық көрсеткіш 481 пайызды құраған. Ал экспорт небәрі 5-ақ пайызға артқан.
«Бұл үрдіс әлі жалғасуда. 2014 жылға талдау жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты экспорттан 12 есеге асып түсіп, 2,241 млн. долларды құрағанын көрсетіп отыр. Осылайша мемлекет зор әлеуеті, яғни, шикізаты, еңбек ресурстары бола тұра, толықтай импортқа тәуелді болуда. Дайын тауарлар импорты мен шикізат экспорты ғана болған кезде нақты экономиканың қандай да бір өсуі турлы сөз қозғауға болмайды. Мұнан Үкімет қабылдаған шаралардың өндірістің құлдырау деңгейін тек тұрақтандырып қана отырғанын көруге болады», - деді С.Әйімбетов.