Отандық тыныс алу аппараттары алғаш болып Мақтаарал ауданына жеткізілді

None
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Инжиниринг» АҚ жасаған 10 өкпені жасанды желдету аппараты республикада ең алғашқы болып Түркістан облысының Мақтаарал ауданына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласында өндірілген отандық өнімді 2 мыңға жуық шақырым жерден Мақтаарал ауданына алып келуге «Азала групп» компаниясы атсалысты.

Аудан орталығындағы «Мырзакент» мақта зауыты мен Шымкент қаласындағы «Азала текстиль» фабрикасына иелік ететін компанияның басқарушы директоры Берік Қыдыралиев жасанды тыныс алу аппараттарын аудандық «Мырзакент» ауруханасы мен «Атакент» ауруханасына табыстады. Аталған шара барысында аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов аппараттарды жеткізуге атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдіріп, ауданда осындай жасанды тыныс алу аппараттарының санының өсуіне және дәрі-дәрмектердің жеткілікті болуына байланысты пневмониямен ауыратындардың саны тұрақтап жатқанын айтты.