Отаным – аманатым: Елордадағы концертте өнер жұлдыздары ән шырқап жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада бүгінгі мерекеге орай отандық әншілердің қатысуымен концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отаным – аманатым» атты мерекелік шара «Бәйтерек» монументі алаңында ұйымдастырылды. Көру тегін және ол 3 сағатқа созылады.

Сахнада «Заман» тобы, Еркеш Хасен, Ибрагим Ескендір, Ғаділбек Жанай, Аyree, Qanay және тағы басқа бірқатар әншілер өнер көрсетіп жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы күштердің сарбаздары және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ұлттық әскери-патриоттық орталығының, орталық әскери үрмелі аспаптар оркестрінің өнерін тамашалауға болады.



«Таңертеңнен бері «Бәйтерек» монументі алаңында балаларға арналған интерактивті және спорттық ойындар ұйымдастырылды. Оған аниматорлар, ұзынаяқты қуыршақтар қатысты. Ал қазір өнер жұлдыздары мен ұлттық әскери-патриоттық орталықтың әскери үрмелі оркестрі, сондай-ақ мемлекеттік күзет қызметінің арнайы мақсаттағы күштерінің әскери қызметшілері ашатын концерт өтіп жатыр, - дейді қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.

Сонымен қатар келушілерге арнап жәрмеңке ұйымдастырылған.


Іс-шараның қауіпсіз өтуін полицейлер мен төтенше жағдай мамандары қадағалап жүр.

Айта кетейік, 7 мамыр - Отан қорғаушы мерекесіне орай бүгін елордада бірқатар мәдени іс-шара өтті.

Соның бірі ЭКСПО алаңында ашық аспан астында мерекелік концерт өткенін айтқан едік.

Шараны Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры ұйымдастырды.