«Отар» 40-шы әскери базасында ҚР Қарулы Күштерінің үздік сержанты анықталмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында «ҚР Қарулы Күштерінің үздік сержанты» атағына кезекті VI Бүкілармиялық байқау басталды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінен.

Әскери қызметшілер өңірлік қолбасшылықтың, бригаданың, батальонның, ротаның, взводтың және бөлімшенің үздік сержанты атағы үшін өзара сайысқа түсетін болады. Номинация бойынша үздік механик-жүргізуші, үздік атқыш, үздік радиотелеграфшы, үздік сапер және үздік дәрігер анықталмақ.

"Сержанттар әскери-спорттық жарыстан, жекпе-жек ұрыстан, жауынгерлік машиналарды жүргізуден, атыс даярлығынан, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғанудан, әскери топографиядан білімдері мен шеберліктерін көрсететін болады. Маңызды сайыстардың қатарында әдеби-шығармашылық байқау да бар", делінген хабарламада.

Аталған сайыстардың бұрынғы байқаулардан айырмашылығы, шараға алғаш рет сержанттардан бөлек, басқа да салалардағы әскери қызметшілер қатысуда.

Аталмыш байқау әскери қызметтің беделін арттыруға, әскери бөлімдер мен Қазақстан армиясының құрамаларындағы озық тәжірибені таратуға бағытталған. Төрелік ететін комиссияға ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор М.Алтынбаев жетекшілік етеді. Байқау 4 қазанға дейін созылады.