Отбасы банк шілдеде алғашқы облигацияларын шығарады
KAZINFORM - Отбасы банк биыл өз облигацияларын шығару және орналастыру арқылы 300 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Бұл ақша қазақстандықтарға «Наурыз» бағдарламасы бойынша кредит беруге жұмсалады.
Шілде айында 100 млрд көлеміндегі алғашқы облигациялар шығарылып, «Қазақстан қор биржасына» орналастырылады. Бір облигацияның номиналды құны 1000 теңгені құрайды. Бұл ретте қаражат тартылатын мөлшерлеме тек алғашқы сауда-саттық қорытындылары бойынша айқындалады.
KASE алаңында өткізілетін Отбасы банк эмитенті күнінде Басқарма Төрайымы Ляззат Ибрагимова облигациялар не үшін шығарылатынын түсіндірді.
«Жиырма жыл бұрын құрылған банк миссиясы – отбасылардың баспаналы болуын қамтамасыз етіп, олардың әл-ауқатын жақсарту. Отбасы банк сенімді және тұрақты дамып келе жатқан жинақтау және қаржыландыру жүйесі болып есептеледі. Қазақстандағы екінші деңгейдегі банктер арасында ипотека бойынша Отбасы банктің үлесі 54 пайызды құрайды. Қазір Отбасы банк активтері мен меншікті капиталы бойынша елдегі екінші деңгейдегі банктер арасында төртінші орында тұр. Күн сайын қазақстандықтарға 400-ден астам кредит береміз», – деді Басқарма төрайымы.
Отбасы банкте 2,7 млн қазақстандық депозитке ақша салады. Биылдың өзінде банк арқылы 28 896 адам баспаналы болды. Ләззат Ибрагимова Отбасы банктің ипотекалық бағдарламаларын таныстырып, соның ішінде «Наурыз» бағдарламасының шарттарына тоқтала кетті.
«Наурыз» бағдарламасы – маңызды әлеуметтік жоба. Бағдарламаның іске қосылатыны жөнінде биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда айтқан болатын. 28 маусымда бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау аяқталды. Жалпы 38 841 өтінім сәтті түрде қабылданды. Астана мен Алматыда қарыздың жоғарғы сомасы – 36 млн теңге, қалған өңірлерде – 30 млн теңге. Пайыздық мөлшерлеме – 7-9 пайыз, ал бастапқы жарна – 20 пайыз. Бағдарлама жұмыс істейтін жастарға, жас отбасыларға, Отбасы банк салымшыларына, моноқалалар, аудан орталықтары мен елді мекендер тұрғындарына арналған. Өтінім берушілердің 62 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Енді ұпайлар есептеліп, осы аптада банктің ресми сайтында баспаналы болатын қатысушылардың тізімі жарияланады», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
«Наурыз» бағдарламасы 8 жылға жоспарланған. Осы уақыт ішінде 68 мыңға жуық қазақстандық отбасы баспаналы болады. Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға кредит беру үшін облигациялар шығару арқылы қаражат тартуды көздеп отыр. Олардың құны базалық мөлшерлеме деңгейін ескере отырып, орналастыру күніне қарай айқындалады және 5 жыл ішінде тұрақты болады.
«Біз Ұлттық банктің нормативін орындаймыз. Барлық операцияны тек ұлттық валютамыз – теңгемен жасаймыз. Депозитте де, кредитте де бекітілген нақты мөлшерлеме бар. Сондықтан қатер жоқ. Инвестициялық саясатқа сәйкес біз тек борыштық бағалы қағаздарға инвестиция жасай аламыз. Отбасы банктің қаржы агенті деген мәртебесі болады. Облигацияға әлеуметтік мәртебе беріледі», – деді Ләззат Ибрагимова.
Облигацияларды инвесторлардың шектеусіз шеңбері арасында орналастыру жоспарланып отыр. Бұл екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру компаниялары және тіпті жеке тұлғалар болуы мүмкін. Яғни, қазірдің өзінде Отбасы банкте депозиттері бар немесе салымшы болуды жоспарлап отырған қазақстандықтар өз қаражаттарын банк облигацияларына да инвестициялай алады.
Шығарылған облигациялар әлеуметтік бағалы қағаздар мәртебесіне ие болады. Бұл – Банктің айнымастығының және оның ESG қағидалары бойынша дамуының көрсеткіші. Облигация ұстаушылар үшін бұл факт Қазақстан азаматтарының баспаналы болуын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің әлеуметтік маңызды міндетін шешуге жәрдемдесу жоспарындағы артықшылықтардың бірі болады.
Әлеуетті инвесторлар үшін Отбасы банк сенімді эмитент. Бүгінде ол екінші деңгейдегі банктер арасындағы ең жоғары рейтингтерге, елдік деңгейдегі рейтингке (BBB) ие. Банк несие портфелінің ең жақсы сапасына ие, бұл 0,1% мөлшеріндегі NPL-дің төмен деңгейімен расталады. Банк секторындағы NPL-дің орташа мәні 3,12% екенін ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша азаматтарға кредит беру үшін барлығы 1,7 трлн теңгеге облигация шығару жоспарланып отыр. Бірінші жылы үш реттен 300 млрд теңге мөлшерінде шығарылса, кейінгі жылдары 200 млрд теңгеден шығарылады. Тартылған қаражат нарықтық жағдайлар бойынша қарызға алынатындықтан, мемлекет Отбасы банк шығарған облигациялар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялайды деп болжанып отыр.
Айта кетсек, Қазақстанда халық саны артқан сайын баспанаға сұраныс өте жоғары. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққанда тұрғын-жай көлемі 23,9 шаршы метрді құрады. БҰҰ стандарты бойынша бұл көрсеткіш 30 шаршы метрге тең. Оған жету үшін халықтың баспаналы болуына мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Ал Отбасы банк Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын жалғыз банк болып отыр.