Отбасы банкке исламдық банк операцияларын жүргізуге рұқсат берілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс қаржы нарығын дамыту және цифрландыру мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Фото: Отбасы банк

«Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы бойынша Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева баяндама жасады.

Оның айтуынша, заң жобалары қаржы нарығын одан әрі дамыту мақсатында әзірленген. Бірінші оқылым барысында құжаттың негізгі тұжырымдамалары қолдау тапқан.

— Депутаттар екінші оқылымға дайындық кезінде бірқатар түзету енгізді, — деді Татьяна Савельева.

Атап айтқанда, түзетулердің алғашқы блогы рейтингтік қызметті жетілдіруге бағытталған. Соған сәйкес, рейтинг агенттіктері беретін рейтингтерді алу ерікті түрде жүзеге асырылады.

Екінші блок Қазақстан рейтинг агенттігінің тәуелсіздігін күшейтуге арналған. Атап айтқанда, рейтинг әдіснамасын әзірлейтін комитеттің құрамын айқындау мәселесі қамтылған.

Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау және қаржы қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту мақсатында Отбасы банкке исламдық банк операцияларын жүргізу құқығын беру ұсынылған.

Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың несиелері бойынша жеке тұлғалардың кепілдігін пайдалану талаптары нақтыланған.

Заң жобасында төлем қызметтері нарығын дамытуға қатысты өзгерістер де қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші санаттағы төлем ұйымдары енгізіледі. Оларға заңды тұлғаларға банк шоттарын ашуға және ақша аудару операцияларын жүргізуге мүмкіндік беріледі.

— Бұл түзетулер қаржы қызметтерінің құнын төмендетіп, нарықтағы бәсекені күшейтуге ықпал етеді, — деді депутат.

Сонымен бірге заң жобасы аясында цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ мемлекеттік қорлардың бюджеттерін орындау кезінде пайдалану мүмкіндігі кеңейтілген.

Татьяна Савельеваның айтуынша, заң жобаларының тұжырымдамасы нақтыланып, кеңейтілгендіктен, негізгі және ілеспе заң жобаларының атауына да өзгеріс енгізілген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға 177 млрд теңге бөлінгені хабарланған еді.