Өскемен қаласының № 9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ғамзат Бекбосынов өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Оның жұбайы Фарида да ТЖ жүйесінде — қалалық № 4 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы болып қызмет атқарады.
Ерлі-зайыптылар бір-бірінің қиындығын, мазасыздығын, жұмыстағы ауыртпалықты және түнгі кезекшіліктің не екенін жақсы түсінеді.
Ғамзат 15 жылдан астам уақыт бойы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Ол талай төтенше жағдайларда жедел әрекет етіп, өрттерді сөндіруге қатысты.
— Қызыл жалынға оранған пәтерге талай рет кірдік. Назарбаев даңғылындағы үйде шыққан өрт әлі есімде. Әріптесім екеуіміз тұрғындарды түтін тұмшалаған подъезден сыртқа алып шықтық, — дейді Ғамзат.
Фариданың да қызметте жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Тәжірибелі радиотелефоншы ретінде ол өртті сөндіру кезінде маңызды рөл атқарады.
— Мен ТЖМ жүйесінде 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Менің тәжірибемдегі ең ірі өрттердің бірі — арматура зауытындағы өрт болды. Жұмыс күнім телефон қоңырауларына жауап берумен ғана шектелмейді. Бұл жоғары жауапкершілікті талап ететін жұмыс. 30-40 секунд ішінде диспетчер дүрбелеңге түскен адамды тыныштандырып, нақты мекенжайын біліп, не жанып жатқанын анықтап, өрттің деңгейін бағалап, қанша өрт сөндіру автоцистернасын жіберу керектігін және қосымша күш қажет пе екенін бірден шешуі керек, — дейді Фарида.
Бекбосыновтар отбасында екі бала бар. Ерлі-зайыптылардың кезекшілік кестелері сирек сәйкес келеді. Сондықтан бірге өткізетін демалыс пен отбасылық мерекелер олар үшін нағыз сыйлыққа айналады.
— Барлық қиындыққа қарамастан, ТЖМ жүйесінде бірге қызмет етіп жүрген ерлі-зайыптылар ведомствоның берік іргетасы. Тәжірибе мен қызметке деген адалдық осындай отбасыларда ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жатады, — деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін қазақстандық отбасылар қандай мемлекеттік қолдауды көбірек қажет ететінін жазғанбыз.