«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзатқа отбасымен қандай қарым-қатынаста болу керек екені жайында сөзімен, іс-әрекетімен үлгі-өнеге көрсетіп кеткен. Алла Елшісі: «Сендердің жақсыларың – отбасыңа жақсы болғандарың» деген. Яғни, отбасына ерекше құрмет көрсете білген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында «Әйелдеріңе жақсы қараңдар!» деп өсиет айтқан. Өкінішке қарай, кейбір адамдар өзіндегі жаман пиғылын, мінезін дінмен ақтап алғысы келеді», - деді Е. Тасболатұлы.
Оның пайымынша, отбасындағы мәселені шешудің басты жолы – тәрбиеде. Түсіндіру, ағарту жұмысына назар аудару керек.
«Қазақы тәрбиеде әйелді ұру намысқа тиетін, өте жаман әрекет ретінде бағаланған. Бұл жаман пиғыл кейіннен адам санасын улайтын ішімдіктер кеңінен тараған кезде пайда бола бастады. Ішіп алып әйелді сабау жиі кездесе бастады. Осының бәрі бізге жат мәдениеттен келіп жатыр. Қазақы тәрбиедегі «жаман болады», «ұят болады» деген ұғымды жастарға түсіндіру керек. Қазір тәрбиені ата-ана жеткілікті деңгейде бере алмай жатыр. Бала өзінің уақытының біраз бөлігін интернетте, мектепте өткізеді. Сондықтан қазіргі үрдісті ескере отырып, тәрбие тетігін интернетке де кіргізу керек. Балаларға арналған телеарналардың мазмұнын жетілдірген жөн. Бұдан бөлек, мектепте тәрбие ұғымына, ер бала өзін қалай ұстау керек екеніне, қыз баланың мінезіне қатысты ағарту жұмыстарына екпін қойса. Жалпы, осының бәрі ата-ананың міндеті ғой, бірақ қазір әкесі де, шешесі де таңнан кешке дейін жұмыста жүретіні белгілі. Балалар өзімен-өзі интернеттің ықпалында қалып қойып жатыр», - деді теолог.
Осы орайда Елбек Тасболатұлы бұл проблемаларды қоғам болып шешу керек екенін айтты.
«Сондықтан «тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» демекші, мемлекетімізде осы салаға назар аудару маңызды. Дамыған елдерде ұлттық тәрбие балабақша кезінен беріліп, мектепте жалғасады», - деді ҚМДБ маманы.
Сонымен қатар ол отбасылардағы ажырасу проблемасына да тоқталды.
«Ажырасудың салдары да ауыр болып жатқанын көріп жүрміз. Әрине, кішкентай баласын, әйелін ұрып-соғып жүрген адаммен бірге тұру қиын және осындайлармен ажыраспай, шыдап жүр деп айта алмаймыз. Бізге отбасы мәселелерімен келетіндер көп. Олардың жағдайын зерттеп қарасақ, отбасы мүшелерінде қарапайым мәміле жоқ екенін байқадық. Осының бәрін өзара түсінік арқылы шешуге болады. Ерлі-зайыптылар ажыраса берсе, оның салдары өте ауыр. Ажырасып кету – шешім емес. Ажырасқаннан кейін басқа біреуге күйеуге шығып, одан да көп қорлық көріп жатқандары бар. Негізі, бұл салада қоғамдық ұйымдардың рөлі зор. Бізде медиация саласын күшейту керек. Шама келгенше мешіттерде де медиация іске асырылып жатыр. Бірақ көбіне психологтың көмегі керек болады. Жалпы, отбасындағы біраз проблема қаржы тапшылығына қатысты», - деді Е. Тасболатұлы.
Маманның пікірінше, отбасы мәселесі бойынша ұлттық мәдениетті, дінді, тарихымызды жақсы білетін мамандар жастарға дұрыс ақыл-кеңесін бере алады.