Отбасыда ер азамат даналықтың иесі болуы керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ажырасу мәселесі қоғамдағы өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптыларға «шыдау керек» деп кеңес берудің шегі қандай және отбасын сақтаудың жолы неде? Бұл мәселеге имам Нұрлан Байжігітұлы «BIZDIN ORTA» подкастында пікір білдірді.

Видеодан алынған кадр

Оның айтуынша, қазақ қоғамында сабыр мен шыдамдылыққа ерекше мән беріледі. Алайда отбасындағы зорлық-зомбылыққа шексіз шыдау дұрыс емес.

— Қазақта жер бетіндегі ең шыдамды халық жоқ па деп ойлаймын. Шыдамдымыз біз. Бірақ шыдаудың да шегі бар. Басына тоқпақтап, әңгір таяқ ойнатса, ақыл-есін кетіріп, ақырында ауру болып, мүгедек болып қалған қаншама адам бар. Мұндай жағдайларды естіп жүрміз, ал естімегеніміз одан көп, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Имамның сөзінше, кей жағдайда ер адамның кейін кешірім сұрауы немесе өзгеруі отбасындағы келеңсіз жағдайдың салдарын жоймайды.

— Ер азамат түсініп, кешірім сұраған кезде, болмысы өзгеріп, өмір өтіп, жастықтың қызуы басылғаннан кейін оның пайдасы қандай? Соғысы біткеннен кейін қылышпен не шабасыз? Сондықтан әр нәрсе өз уақытында жасалуы керек, — деді ол.

Нұрлан Байжігітұлы отбасының сақталуына өзі де мүдделі екенін атап өтті. Алайда кейбір жағдайда отбасындағы жағдай шектен шығып кететінін айтты.

— Мен де жанұяның сақталып қалуына мүдделімін. Менің сөздерімде де жанұяны сақтауға үндеймін. Бірақ кейбір кезде жағдай шектен шығып кетеді. Кейбір оқиғаларды, жағдайларды білемін. Мұндайда адамның кетіп, өз өмірін сақтап қалудан басқа мүмкіндігі болмайды, — деді имам.

Оның айтуынша, отбасы бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылар бір-біріне қысым көрсетпей, әсіресе балаларды жанжалдың ортасына қалдырмауы керек. «Егер бірге тұру мүмкін болмаса, бір-біріңді қинамай, екі жаққа кеткен дұрыс. Баланы да қинап, бұрынғы жұбайына қысым көрсетуге болмайды.

Имам әр отбасының жағдайы әртүрлі екенін айтып, мұндай мәселеге бір ғана өлшеммен қарауға болмайтынын атап өтті.

— Бұл жекелей жағдай. Әр адамның жағдайы, тағдыры әртүрлі. Бәріне бірдей баға бере алмаймыз. Бірақ көп жағдайда дау екі жақтан болғанымен, ер азамат даналықтың иесі болуы керек. Жағдай ушыққан кезде қатты кетпей, сабырмен шешім қабылдауы қажет, — деді ол.

Сонымен қатар ол ер адамның әйелге қол көтеруіне ғана емес, сөзбен қорлауына да жол бермеу керектігін айтты.

— Әйелге қол көтеруге болмайды. Қол көтермек түгілі, тілмен де жәбірлеуге болмайды. Кейбір азаматтар бар, қол көтермейді, бірақ сөзбен жанын жеп, адамды іштен мүгедек қылатын жағдайға жеткізеді. Оның соңы неге апаратынын айтпай-ақ қояйын, елдің ішінде белгілі болып жатыр. Қалай болғанда да шегі болуы керек, — деді имам.

Оның пікірінше, ер адам отбасындағы ұсақ-түйек мәселелерге байланып қалмай, бала-шағасының және әулетінің болашағына мән беруі қажет.

— Ер азамат дегенде азамат болып, тұлға болу керек. Балалардың өскенін ойлау керек, үлкен мақсат қою керек. Мысалы, мемлекетке, ұлтқа қызмет ету деген ұлы мақсат қойсаңыз, дәл сол сияқты «мен адам боламын, осы әулеттің ұрпағын көбейтемін, ұрпағым арқылы ұлтымыздың болашағына бір жақсы нәрсе жасаймын» десеңіз, түзу көңілмен жүріп, қисық нәрселерге мән бермей өтіп кете бересіз, — дер түйіндеді Нұрлан Байжігітұлы.

Бұған дейін ажырасу баланың психикасына қалай әсер етеді және оны қалай жеңілдетуге болатынын жазғанбыз.