Отбасы айына 3 мың төлеп, автобуспен тегін жүре алады - Әсет Исекешев
"Бізде қоғамдық көлікпен жол жүру ақысы 90 теңге тұрады. Алайда жанар-жағармай қымбаттады, девальвация болды. Тариф өзгермеді. 90 теңге қала берсе, бюджеттен қоғамдық көлік саласын субсидиялау көлемі жыл сайын артып отырады. Бюджетке үлкен салмақ түседі. Билет бағасын 150 теңгеге көтерсек, субсидияны азайта аламыз. Ал жол жүру ақысы 300 теңге болса, субсидиядан мүлдем бас тартуға болады. Бюджетке жақсы. Дегенмен, 300 теңге тым көп, xалық үшін тым ауыр болады", - дейді Исекешев.
Қала басшысының айтуынша, бүгінде әкімдік қоғамдық көлік саласын қаржыландырудың үш жолын ұсынып отыр. Біріншісі - тариф + субсидия. Екіншісі - тарифті, яғни билет бағасын көтеру. Үшіншісі - автобуспен тегін қатынау. Алайда ол үшін ай сайын белгілі бір соммада алымды төлеу керек.
"Енді, ол салық емес, қоғамдық көлікті дамыту үшін алынатын коммуналдық төлем тәрізді. Мысалы, қазір бір отбасы 30-40 мың теңгеге жол жүру абонементін ("проездной" - авт.) сатып алса, жаңа жүйе бойынша үш-ақ мың теңге төлейтін болады. Жеке көлікпен жүретін біз де үш мыңнан төлейміз. Сонда бәріміз қоғамдық көлік саласын дамытуға ақша құйғандай боламыз. Әрине, бұл мәселені әлі де талқылау қажет. Халықтың пікірін білген жөн", - деп атап көрсетті Әсет Өрентайұлы.