Бүгін Астанада болған «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі: гендерлік аспект» атты халықаралық конференцияда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстандағы отбасы және отбасындағы гендерлік теңдік саясаты жөнінде хабардар етті.
«Отбасы - мемлекеттің әлеуметтік ұяшығы ғана емес, елдің қоғамдық-саяси негізі болып саналады. Ана мен баланың әлеуметтік жағдайын арттыру басымдықты сала болғандықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әлеуметтік бағдарламаны жасақтауға тапсырма берген болатын. Соның арқасында 2006 жылдан бері ана мен балаға арналған әлеуметтік төлемдер жүйесі орындалып келеді. Бұл жағдай елдегі бала туудың өсіміне әкелді», дейді министр.
Оның айтуынша, «2008 жылы Қазақстанда 360 мың бала дүниеге келген. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 42 мың балаға көп. Қазақстанның тарихында ең көп бала туу көрсеткіші -1985-1986 жылдар. Қазір біз осы көрсеткішке жетуге жақындап та қалдық».