Салтанатты шара барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров елордалық 6 жұпқа неке қию туралы куәліктерін табыс етті.
«Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні деп аталып келеді. Осы күні сіздерді үлкен өмірге қадам басып, шаңырақ көтерулеріңізбен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның атынан шын жүректен құттықтаймын. «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар, биыл біздің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы өтеді. Бұл жылдары ана мен баланы қолдау бойынша мемлекеттік деңгейдегі отбасы саясатының тұтастай жүйесі қалыптасты», - деді вице-министр өзінің құттықтауында.
Оның айтуынша, бүгінде еліміздің әр отбасының ырыс-берекелі, бақытты өмір сүруі үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Отбасыларды қолдау бағытында әлеуметтік төлем желілері мен тұрғын үй бағдарламалары қарастырылған.
«Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Отбасылық және гендерлік саясат концепциясына елеулі өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Жыл сайын Қазақстанда 100 мыңға жуық жас жұбайлар неке қияды. Бүгінгі осы салтанатты шараның «Бәйтерек» монументінде өтуі – сіздердей жас отбасылардың өсіп келе жатқан ағаштай тарихи тамырын сақтап, мықты тірегі бар, болашаққа ұмтылысы бар мемлекетке айналатынын білдіреді», - дейді Асқар Умаров.
Айта кетейік, салтанатты неке қию рәсімін Есіл ауданының әкімдігі жыл сайын өткізеді. Мұндай шаралар «ЭКСПО-2017», «Атамекен» этно-мемориалды кешендерінде Қазақстанның басты тутұғырында өткен еді. Кезекті рәсім бүгін «Бәйтеректе» өткізілді.
«Есіл ауданының әкімдігі пандемия жағдайын ескере отырып, таза ауада жас жұбайларды құттықтау тәжірибесін алғашқылардың бірі болып енгізген еді. Сондықтан бұл дәстүр жалғаса береді. Сіздерді Есіл ауданы атынан шын жүректен құттықтаймын және зор денсаулық тілеймін», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов.
Бақытты жас жұбайлардың бірі – Медет пен Әнел осы салтанатты рәсімге қатысу үшін Канададан арнайы келген.
«Біздің неке туралы куәлігімізді салтанатты түрде табыстағанына өте қуаныштымыз. Біз үйлену тойын шағын форматта өткіздік, ауқымды той жоспарымызда да болмаған. Өзіміз Канададағы оқудан демалысқа келіп, үйлену тойын өткізуді ұйғардық. Біз бес жыл бойы кездесдік, көп нәрсені бастан өткердік. Барлық отбасыларға түсіністік, шыдамдылық және бір-бірін сүйіп, бағалауын тілеймін», - дейді Әнел Тұрғанбаева.
Сонымен бірге, жас жұбайлар арасында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, продюсер, режиссер, New York Film Academy түлегі Айдие Айдарбеков те бар.
Айта кетейік, биылғы Отбасы күні мерекесі 12 қыркүйекте тойланады.