Отбасыммен ешбір сайлаудан тыс қалған емеспін – Дауыс берген алматылық қария

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Алматыда Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлерге дауыс беру басталды. Бүгін қаладағы учаскелер ашылмай жатып, өз таңдауын жасауға келген алматылықтар қарасы қалың болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда алғашқы сайлау учаскесі таңғы сағат 6.00-де ашылды. Ал дауыс беру сайлау заңнамасында бекітілген тәртіп бойынша сағат 7.00-де басталды.

Еліміздің маңызды оқиғасынан шет қалмай, өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі. Сайлау учаскесіне жиналғандардың көбісі бала-шағасын ерте келген. Солардың бірі Жансерік Бегімжанов.

«Менім жасым 65-те. Осы уақытқа дейін ешқандай саяси науқаннан тыс қалған емеспін. Бала-шағаммен келіп, дауыс беру отбасылық дәстүрге айналды. Әрине әрқайсымыз өз таңдауымызды жасадық», - дейді Жансерік Бегімжанов.

№ 373 учаскесінің жетекшісі Айнұр Нұрпейісованың айтуынша, сайлашуларға барлық жағдай жасалған.

«Біздің сайлау учаскесінде 2044 адам тіркелген. Алматылықтар белсенді атсалысуда. Бес бақылаушы жұмыс істеп жатыр. Келген сайлаушылардың дене қызуын тексеріп, барлық санитарлық нормаларды сақтауын қатаң қадағалаймыз», - дейді Айнұр Нұрпейсова.

Мегаполисте 500-ден астам сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Онда 1014 байқаушы сайлаудың әділ өтуін бақылауда.