«Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатамыз» акциясы аясында 180 мыңнан астам ақпараттық материалдар дайындалды - ҚР ІІМ

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, ағымдағы жылдың 22 және 27 тамызы аралығында «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтатамыз» акциясын өткізді, деп хабарлады ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті.

Акцияның мақсаты халық арасында отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикасы бойынша құқық түсіндіру жұмыстарын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандыру болып табылды. Акция халыққа жадынама, бүктеме, ақпараттық материалдар тарату және кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелерде дәрістер мен әңгімелер өткізу үшін ұтқыр кеңес беру топтарын құруды көзделді.

Акцияны өткізуге 16 мыңнан астам адам, оның ішінде 11 мыңнан астам полиция қызметкерлері, шамамен мыңдай жергілікті атқарушы органдардың, 4 мыңнан астам білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, прокуратура, денсаулық сақтау органдарының, «НұрОтан» ХДП және үкіметтік емес органдардың өкілдері қатысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған отбасы мүшелеріне психологиялық, педагогикалық, құқықтық көмек көрсету мақсатында, сондай-ақ кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелерде дәрістер мен әңгімелер өткізу мақсатында 2 мыңнан астам ұтқыр кеңес беру топтары құрылып, олардың күшімен 6 мыңнан астам дәріс пен 13 мыңнан астам әңгіме өткізілді.

Акция барысында 180 мыңнан астам ақпараттық материалдар (бүктемелер, плакаттар, билбордтар, стендтер, брошюралар) әзірленіп, олар тұрғын үйлердің кіре берістеріне, дүкендер, супермаркеттер, базарлар, адамдардың көп жиналатын және жаппай демалыс орындары, мемлекеттік мекемелерге орналастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 800-дей сөз сөйлеулер, телеарналарда 200-ден, басылымдарда 500-ден, интернет-сайттарда 100-ден астам материалдар жарияланды.

Ішкі істер органдарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліністерінің қызметкерлері жер-жерлерде акцияны тиімді өткізуді ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының ӘЗЗҚБ қызметкерлері акцияны өткізуде белсінділік танытты.