Өте жанашыр әрі мейірімді бала – мектеп директоры автобус жолаушыларын құтқарған оқушы туралы

Фото: Фото: Іле ауданы әкімдігі

Алматы облысында жол апатының алдын алған сегізінші сынып оқушысы Ақжол Геройды бүгін мектепте нағыз қаһарман ретінде қарсы алды. Арнайы алғысын білдіруге Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев келді, деп хабарлайды Kazinform. 

Ақжол Герой Өтеген батыр ауылында орналасқан №24 мектеп-лицейнің 8-ші сынып оқушысы. 22 қарашада ол қарындасы екеуі мектептен автобуспен үйге қайтып келе жатқан. Сол кезде олар отырған қоғамдық көлік жүргізушісінің жүрегі ұстап қалған.

Ішіндегі жолаушылар шошып кетті, ал баланың қарындасы одан жүргізушіге көмектесіп, көлікті тоқтатуды сұрады. Ақжол еш ойланбастан, жүргізуші орнына жүгіріп барып, тежегішты басып, апаттың алдын алды.

«Бала Өтеген батыр ауылындағы Қарасу шағын ауданында тұрады. Ол көпбалалы отбасынан шыққан, жеті баланың үлкені. Жақсы оқиды, жанашыр, мейірімді, тәртіпті, белсенді», - дейді №24 лицей директоры Захида Төреходжаева.

Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев баланың қолынан алып, ілтипат білдіріп, оған ноутбук, тәтті салынған себет, ал ата-анасына ұлдарын жақсы тәрбиелегені үшін алғыс хат табыс етті.

Бұған дейін Алматы облысында 8 сынып оқушысы автобусты тоқтатып, жолаушыларды құтқарып қалғаны туралы жазған едік.