«Отелло» трагедиясы қазақ сахнасына қайта оралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Уильям Шекспирдің шоқтығы биік шығармаларының бірі «Отелло» трагедиясы қазақ сахнасына қайта оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьера 11 сәуір күні 19:00-де «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтеді.

«Отеллоны» алғаш рет қазақ сахнасына 1939 жылы Мұхтар Әуезов әкелген болатын. Кейінірек, М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театры бұл қойылымды 1964 және 2014 жылдары сахналап, репертуардан шығарған болатын. Бұл жолы жаңа «Отелло» Қазақстанның Халық артисі, профессор Талғат Теменовтің режиссерлігімен жарыққа шықпақ.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Отелло» шығармасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып отыр. 

«Отелло» - әлемдік әдебиет галереясындағы күшті қаһарманның бірі. Ол нағыз ер азамат бола тұрып, нақақ жаланың қаруы мен құрбанына айналды. «Отелло» қазіргі заманмен де үндесіп жатыр. Спектакльдегі негізгі ой адам ішіндегі қызғаныштың, көңіл күдігінің кесірінен ажырасып тынатын жас отбасылардың көптігін көрсетеді. Жалпы қазақ театры өнеріне Шекспир қажет. Өзіміз бүркеніп, өз қазанымызда қайнауға ешқандай да құқығымыз жоқ. Себебі мұндай классикалық шығармалар актрелердің өсуіне, ашылуына үлкен мүмкіндік береді», - делінген театр хабарламасында.

Қойылымға Қаллеки театрының үздік актерлері мен кәсіби мамандары тартылған. Қазақ театр өнерінде Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Шәкен Аймановтар кескіндеген Отелло бейнесін жаңа нұсқада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбаев пен Сырым Қашқабаев сомдамақ. Ал сенатордың  қызы Дездемонаның рөлінде жас актриса Ақмарал Танабаева ойнайды.