«Үкімнің жарияланатын мерзімі дүйсенбі, 3 ақпан, сағат 11:00-де», - деді судья Асқарбек Бейімбетов. Бұл туралы «Қазақстан Жаңалықтары» ақпараттық агенттігі хабарлауда.
Қаскелең қаласында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Асқарбек Бейімбетовтің төрағалығымен ҚР Парламент Сенатының бұрынғы аппарат басшысы Ержан Өтембаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі сот талқылауын аяқтады. Еске сала кетейік, бұл оқиғаға қатысты өндірістік іс қайта қаралуға жіберілді. Себебі А.Сәрсенбаевті тапсырыспен өлтірген Рустам Ибрагимов 2012 жылы құқық қорғаушыларға тапсырыс беруші Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев екендігін айтқан болатын.
Сотта анықталғанындай, Өтембаев 2005 жылы Ибрагимовқа саясаткер Сәрсенбаевты соққыға жығу жөнінде тапсырыс берген. Алайда кейін ол ойынан айнып, ол өтінішін кері қайтарады. Бұл ақпаратты біліп алған Әлиев пен Мұсаев оқиғаны пайдаланбақ болып, Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбаевті өлтіруге тапсырыс береді. Және шын тапсырыс беруші Өтембаев деп айтуын бұйырған. Нәтижесінде 2006 жылы Өтембаев кісі өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға бас бостандығынан айыру және барлық мүлкін тәркілеу жазасына кесілді.
Жұма күні сот отырысында мемлекеттік айып тағу органдары Өтембаевтің ісі бойынша оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған болатын.
Айыпталушының заңгері Анжелика Ажигулова болса, Өтембаевті сот залынан шығару жөнінде өтініш білдірді. Себебі оның айтуынша, айыпталуышының бұл іске еш қатысы жоқ.
«Иә, мен белгілі бір жазаға лайық шығармын. Дегенмен, бұндай формада және мерзімге жазалануға лайық емеспін», - дейді Өтембаев.