Өтепберген Әлімгереев: Наурызды ғылыми тұрғыдан толық зерттеп, жүйелеп біткен жоқпыз

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы қаңтарда Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын әзірлеуді және көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырған еді. Алайда жаһанды жайпаған пандемия салдарынан көптеген маңызды мәселе күн тәртібінен шығып қалды. Десе де қазақ халқы жаңа жылдың келуін, күн мен түннің теңесіп, табиғаттың оянып, жер ананың жасыл желекке орануын жақсыға балап, бұл күнді асыға күтетіні сөзсіз. Наурыз мейрамында адамдар қыстан аман шыққанына қуанып, бір-бірімен көрісіп, алтыбақан теуіп, ұлттық ойындарды ойнап, арқа-жарқа болады. Наурыз баршамызға сонысымен де қызық. Бүгінде біз Наурызды қалай тойлап жүрміз? Жаңа жылдың символы Наурыз көже қалай дайындалады? Амал мерекесі неге батыс өңірінде ғана тойланады? Міне, осы секілді сауалдарға жауап алу үшін жазушы-публицист, өлкетанушы Өтепберген Әлемгереевпен тілдесіп, сұхбаттасқан едік. Ол өз сөзінде Наурыз көжеге қосатын тағамдарды біріздендіріп, Наурызды Қазақстанда тұратын әр ұлт пен ұлыстың ортақ мейрамына айналдыру керегін айтты.

- Өтепберген Әлімгерейұлы, еліміздің батыс өңірі Наурыз мейрамының басы Амал мерекесін 14 наурызда тойлайды. Ал еліміздің басқа аймақтарында Наурызды 21-інен бастап атап өтеді. Жалпы Наурызды республикалық деңгейде неге 14 наурыздан бастамасқа?

- Біздің ғалымдарымыздың зерттеуінше, қазақтар Наурызды ежелден тойлап келе жатыр. Оны жылдың басы, көктің шығуы, жаңа күннің бастауы деп есептейді. Алты ай қыстан аман шыққан халық қысты артқа қалдырып, өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басады. Бұл шығыс халықтарының да, қазақтың да дәстүрінде дәл осылай дәріптеледі.

Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Омар Хаямдардың еңбектерін қарасаңыз, олардың бәрі де «Мерекені тойлау наурыздың 1-інен бастау алады» деп жазады. Күнтізбенің 13 күн ауысуын ескерсек, бұл 14 наурызбен тұспа-тұс келеді.

Ескі күнтізбемен 14 наурыз – 1 наурыз. Сондықтан Наурызды 14 наурыздан бастап тойлауды дұрыс деуге болады. Біз бала кезімізден, тіпті біздің аталарымыз да бала кезінде таңмен таласып, тұра сала ата-анасымен көрісіп, содан соң ауылдың үлкендеріне амандасып, кейіннен бүкіл ауылды аралап көрісетін болған.

Мен еңбек жолымды Маңғыстау өңірінен бастадым. Сол өңірде 14-і күні жерге жарық түскеннен бастап жастар ауылдың үлкендеріне барып, үй-үйді аралап, бірін-бірі жаңа жылымен құттықтап жататын.

Жалпы Наурызды тойлау бір күнмен шектелмейді. Алғашқы күн көрісуден басталып, бір аптаға дейін созыла береді. Сондықтан Наурызды 14-інен бастап, 22-іне дейін тойлау керек деп ойлаймын.

Мәселен, орыс ұлты, христиандық православие дінінің өкілдері, тағы басқалары тойлайтын Рождество мерекесін де бір аптаға жуық уақыт бойы атап өтеді. Наурызды «7 күн бойы тойлау» дегеніміз – бір апта демалыс алып, тамақ ішіп, жата беру деген сөз емес.

- Амал мерекесі неліктен тек батыста тойланып жүр?

- Қазір ғалымдар Алтын Орда дәуірінде көрісудің дәстүр ретінде кең тарағанын, оларда көрісу күні болғанын айтып жүр. Оны мереке дегеннен гөрі ғұрып деген дұрысырақ. Ғұрыпты тек сол күйінде қалдырмай, ауқымды ұлттық мерекеге айналдыру керек. Тек елдің батыс өңірі десек, бір жерде ғана емес, батыс аймақтардың бәрінде – Оралда, Атырауда, Маңғыстауда, Ақтөбеде де көріседі.

Тіпті Қарақалпақстан, Түрікменстанда да көрісу дәстүрі бар. Астрахань, Самара облысы, Волгоградта тұратын қазақтар да түгел көріседі. Демек тарихи санадағы дағдылардың жойылмай, әлі күнге дейін сақталып, аталмыш ғұрыптың өміршең болуының бір айғағы – осы. Сондықтан бұған аймақтық деңгейдегі мереке деп қарамауымыз керек, үлкен шеңбердегі мейрам деп баға бергеніміз де жөн.

Қазір көрісуді республикалық деңгейге көтеріп, Наурызды сол күннен бастасақ, артық болмайтын сияқты. Қыстан аман шығып, малдың ауызы көкке тиіп, жыл құсының қайта келіп, малдың төлдеуін «жаңа өмірдің басталуы» деп бағалағанымыз дұрыс.

- Қазақ жерінің әр өңірінде ауа райы әртүрлі. Оңтүстікке көктем ерте келсе, орталық пен солтүстікте қыстың қаһары наурыз айында да кете қоймайды. Сондықтан кейбір жерлерде климаттық ерекшелікке байланысты бұл мейрам сәуір айында тойланатындықтан, оны атап өтуді күнның райы жылыған кезге ауыстыру керек деген пікірлер де кездесіп жатады. Ал кейбір сарапшылар оны уақытылы тойлау керек деп санайды. Сол үшін Наурызды атап өтетін күнді нақты белгілеу керек пе, қалай ойлайсыз?

- Бұл – ойланатын мәселе. Мәселен, мына Атырау облысына көрші жатқан Астрахан облысында ресми емес деректер бойынша 250 мыңнан астам қазақ бар. Олар наурыз айында «әлі қыстың ызғары бар, киіз үй тігіп атап өтуге ауа райы сәйкес келмейді» деп Наурызды сәуір айында тойлайды.

Яғни бұл уақыт оларға жоғарыда өзіңіз айтқан климаттық ерекшелігіне байланысты қолайлы. Бірақ мысалы, славяндардың да, кәрістердің де жаңа жылы қыс мезгілімен сәйкес келеді. Дегенмен олар ауа-райын сылтауратып, жаңа жылды тойлауды кейінге шегермейді.

Сондықтан менің ойымша, біз Арқа өңіріне қыс кеш келеді деп, ал оңтүстікке көктем ерте келеді деп, Наурызды тойлауды сәуірге ауыстырудың қажеті жоқ. Оны міндетті түрде көшеге шығып думандатып тойлаудың да керегі шамалы. Біздегі қасаң қағидалар бойынша Наурызды тек аста-төк етіп тойлауға бейім тұрады.

Бұл – әр үйдің, әр шаңырақтың мерекесі. Біз Наурызда қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрінің ерекшелігін көрсетеміз деп, мереке кезінде келін түсіру, тұсаукесер секілді салт-дәстүрлерді көрсетіп, оны салт-дәстүрлік, фольклорлік іс-шараға айналдырып жібердік. Бірақ олай болмауы керек.

Бұл жоғарыда айтқанымдай, әр шаңырақтың мейрамы болуға тиіс. Оны әр адамның жүрегінде бір қозғалыс болатындай, санасына өзгеріс әкелетіндей, ұлтты сүюге деген сағынышын оятатындай, өскелең буынды құнды дүниелерге баулитындай етіп атап өтуіміз керек. Ол үшін бесік той, тұсаукесер жасаудың қажеті жоқ.

Тек қазақ емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыс өкілдері атап өтетін мерекеге ұлассын. Белгілі бір мазмұны бар, концепциясы, тіпті бағдарламасы бар мейрамға айналуға тиіс. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде Наурызды 8 күн тойлау деген бар.

Сол 8 күннің әрқайсысын белгілі бір күндерге бөліп, айдар тағып, оларды «Жаңару күні», «Бірлік күні», «Жасару күні», «Тал егетін күн» деген секілді қылып атап өткізуді құптаймын.

- Мамандар жалпы мерекелерді атап өтуде мұқият әрі ұқыпты болу керегін айтады. Мәселен, соның бірі – ретсіз ағаш кеспеу. Одан бөлек наурыздың болмысы тыңқиып асқа тойып алып, ойран-асыр салатын мазмұнсыз жиын емес, «терең символикалық мәнге ие бола түссе» деген пікірлер де бар. Осы орайда Наурызды қалай тойлаған дұрыс?

- Бізде аудан орталықтарында, қалаларда үлкен іс-шаралар өтіп, киіз үйлер тігіледі. Қазан асылып, дастархан жайылып, ұлттық тағамдардың түр-түрі қонаққа ұсынылады. Бірақ бұл жерлерден бір байқағаным, сол кезде қарапайым халықты ысырып тастап, «басекеңдер келсін», «облыс әкімі кірсін», «аудан әкімі кірсін» деп жатады.

Әйтеуір ысырап қылып тамақ ішіп, соған мәз болып, «мерекені өткіздік» деп, есеп беріп жататындары да бар. Мұның бізге еш қажеті жоқ. Наурызда онсыз да дастархан жайылып, қазан көтеріледі.

Соңғы кездері жеті үйден дәм тату керек дегенді де шығарып жүр. Бірақ Наурызды тойлау тек тамақ ішіп, қарынды тойғызу емесін түсінуіміз керек. Бұл керек десеңіз, тәрбиелік іс-шараға айналсын. Біз жас ұрпақты адами құндылықтарға тәрбиелеуге және олардың бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіруге күш салуымыз керек.

Жалпы Наурызды 1988 жылдан бастап қайта қолға алып, республикалық деңгейде атап өтіп жүрміз. Сол 60-70 жылда Наурызды қалай тойлау керегін ұмытып қалдық па, әйтеуір кейін ойымызға келгенді жасай бердік. Оның ішіне тұсаукесерді енгіздік, тойшыл қазақтың бір мерекесі ретін тойлап та кеттік.

Шындығанда, біз Наурызды ғылыми тұрғыдан толық зерттеп, жүйелеп біткен жоқпыз. «Наурыз қалай тойлануы керек, ол үлкендердің мерекесі ме, әлде жастардың мейрамы ма, онда балаларға қалай көңіл бөлуіміз керек?» деген секілді сауалдарға жауап іздеп, ғылыми түсінік берілуі керек.

Сосын барып бір жүйеге келеміз. Әйтпесе әркім ойына келгенін істеп, ыңғайына қарай иіп алып барады. Ол мүлдем дұрыс емес. Және тағы да айтамын, бұл тек қазақтың ғана емес, қазақтың жерінде тұратын барлық ұлт пен ұлыстың мерекесі болуға тиіс. Наурызды әр ұлт өкілінің шаңырағында тойланатындай дәрежеге жеткізуіміз керек.

- Бізде жаңа жылдың символы – Наурыз көже. Бірақ елдің әр өңірінде көжені дайындау тәсілдері әртүрлі. Мүмкін оны әзірлеу тәсілін де жүйелеп, құрамын біріздендіру керек шығар?

- Бұл жерде әр өңірдің көңілін жықпас үшін бәрінікі дұрыс деп айтуға болады, әрине. Қазіргілер «әркім қолда барымен дайындай берсін, тек ішінде жеті дәм болуы керек» дегендей айтып жүр. Бірақ ұлттық құндылықтар жағынан алып, «Наурыз көже не?» дегенімізде, сауалға нақты жауап беретіндей ортақ тәртіп қалыптаспаған.

Біреу көженің ең негізгі құрамын өзгертіп ұн қосса, енді біреу айран қосса, үшіншісі құрт қосса, сонда не болды? Наурыз көжені ұлттық брендке айналдырамыз десек, оның қадірін арттырып, мән-маңызын ұғынуымыз керек.

Өйткені Наурыз көжесіз Наурыз тойланбайды. Ал «Наурыз көженің құрамында не болады?» дегенге әркім әртүрлі нәрсені айтып тұрса, бұл оның қадірін қашырады. Сондықтан Наурыз көжеге қосатын тағамдардың атын нақтылап атауымыз керек те, әрі ол бәріне ортақ болуға тиіс. Сонда ғана біз жоғарыдағы сұраққа жауап табамыз.

Мәселен, шетелдік турист келіп, «Наурыз көже не, оның құрамында не бар?» деген кезде әркім қолда барын қосатынын, бірақ құрамында жеті дәм болуы керегін ғана айтсақ, онда «Наурызды тойламайтындар» Наурыз көженің не екенін түсінбей кетеді.

Бұл сонда тек жай бір тағамның бірі болып қалады. Сол себепті де Наурыз көжеге қосатын жеті дәмді атап, белгілі бір жүйеге келтіруіміз керек.

- Кейбір сарапшылар уызды Наурыздың символына айналдырып, Мейрам кезінде дәмін татуға шақыру керек деп есептейді. Дәлірек айтсақ, Наурыздың тағы бір бренді болатын дәрежеге көтеру қажет екенін айтады. Сіздің бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?

- Ол да дұрыс болар. Өйткені мал көктемде наурыз айында төлдейді де, осы кездерде уыз болады. Наурызды «көгеру», «жаңару» айы десек, ендеше көктемде ғана қолжетімді болатын уызды көктемнің, наурыздың символы ретінде бағалағанымыз артық болмас. Оған әркімнің ыңғайы келе бермейді. Бірақ мұны қолға алсақ, іске асыруға әбден болады деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп рақмет!

Назерке Сүйіндік