Өтейбойдақ қайта оралды: жасанды интеллект бес ғасырлық мұраны қалай жаңғыртып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жақында ғаламторды шарлап отырып, TikTok әлеуметтік желісінен жасанды интеллект көмегімен жасалған «Шипагер» атты сериалға көзім түсті. Сериалдан XV ғасырдағы қазақ даласы, ат үстінде ел аралап, түрлі шөптер мен табиғи өнімдерді пайдаланып, халықты емдеген шипагердің бейнесін көруге болады. Туындының авторын іздеп, хабарласқан едік, шығарма қазақтың дәстүрлі шипагерлік өнерінің көрнекті өкілі, «Шипагерлік баян» еңбегінің авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы екен.

Фото: Талас Оразбай

Бес ғасыр бұрын өмір сүрген тұлғаны бүгінгі цифрлық ұрпаққа жасанды интеллект арқылы таныстыру идеясы шынымен қызығушылық тудырады. Бір жағынан – ұлттық тарих пен медициналық мұра, екінші жағынан – заманауи технология мен әлеуметтік желінің мүмкіндігі.

Осы орайда қазақ даласындағы дәстүрлі шипагерлік өнердің тарихына, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасына тоқталғанды жөн көрдік.

Қазақ даласындағы шипагерлік өнер қалай қалыптасты?

Қазақ даласы – ұлан-ғайыр кеңістік қана емес, мыңдаған жыл бойы қалыптасқан өмір тәжірибесінің, табиғатпен етене тіршіліктің және халықтық білімнің үлкен мектебі.

Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз табиғатпен біте қайнасып өмір сүрді. Ауа райын болжау, төрт түліктің сырын білу, өсімдіктердің қасиетін тану, жарақатты таңу, оташылық, босандыру, түрлі аурудың белгілерін ажырату – мұның барлығы дала тіршілігінің күнделікті тәжірибесінен туындаған білімдер еді.

Дәстүрлі емшілік ұзақ уақыт бойы жинақталған бақылауларға, тәжірибеге және халықтың табиғат туралы түсінігіне сүйенді. Емдеу тәсілдері көбіне ауызша таралып, әкеден балаға, ұстаздан шәкіртке беріліп отырды. Кейбір білімдер жазба еңбектерге түсіріліп, жүйеленді.
Осы тұрғыдан алғанда XV ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының орны ерекше. Ол халық арасында қалыптасқан емшілік тәжірибесін жүйелеп, өз дәуірінің медициналық түсініктерін көлемді жазба еңбекке түсіруге талпынған тұлға.

Фото: Талас Оразбай

Қазақ шипагерлігінің негізгі бағыттары

Қазақтың дәстүрлі емшілігі бір ғана әдіспен шектелмеген. Халық арасында шөппен емдейтін шипагерлер, сүйек пен буын жарақаттарын түзейтін сынықшылар, жарақатқа ота жасайтын оташылар, сондай-ақ рухани емдеу тәсілдерін қолданған бақсы-балгерлер болған.

Шөппен емдеу. Дала емшілігінде өсімдіктердің тамыры, жапырағы, сабағы, гүлі мен дәні әртүрлі мақсатта пайдаланылған. Жусан, жалбыз, мыңжапырақ және басқа да өсімдіктерден қайнатпа, тұнба мен жақпа дайындау тәжірибесі болған. Қандай өсімдіктің қай кезде және қалай қолданылатыны туралы білім көбіне күнделікті тәжірибе арқылы жинақталған.

Алайда өсімдіктің халық медицинасында қолданылуы оның барлық жағдайда қауіпсіз немесе тиімді екенін білдірмейді. Кейбір өсімдіктердің құрамында улы заттар болуы мүмкін, ал олардың емдік әсері қазіргі ғылыми зерттеулермен жеке-жеке тексерілуге тиіс.

Сынықшылық пен жарақат емдеу. Көшпелі тіршілікте аттан құлау, мал шаруашылығы, аңшылық және басқа да жағдайлар салдарынан сүйек сынуы мен буын шығуы жиі кездескен.

Сондықтан сүйекті орнына салатын, оташылардың қоғамдағы орны ерекше болды. Дәстүрлі тәжірибеде жараны тазалау, іріңді ашу, бөгде заттарды алып тастау және кейбір жарақаттарға қарапайым хирургиялық әрекеттер жасау тәсілдері қолданылған. Мұндай жұмыстар арнайы тәжірибе мен ептілікті қажет еткен.

Тамыр ұстау және науқастың жағдайын бақылау. Емшілер адамның тамыр соғысын, дене қызуын, терісінің түсін, тынысын және жалпы жағдайын бақылап, сырқаттың сипатын болжауға тырысқан. 

Табиғи өнімдер мен тұрмыстық емдеу тәсілдері. Қымыз, шұбат, сүт, мал майы сияқты өнімдер халықтық тәжірибеде тағам ретінде де, кей жағдайда емдік мақсатта да пайдаланылған.

Денені сылау, уқалау, жылыту және буындарды таңу сияқты тәсілдер де белгілі болған.

Рухани емдеу. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында дұға оқу, дем салу және басқа да рухани амалдар адамның сауығуына ықпал етеді деген түсінік қалыптасқан.

Осы әдістердің барлығы бірдей барлық аймақта немесе әр кезеңде біркелкі қолданылды деуге болмайды. Дегенмен олар қазақ қоғамында денсаулықты сақтау мен ауруды емдеуге қатысты алуан түрлі тәжірибе болғанын көрсетеді.

Фото: Талас Оразбай

Өтейбойдақ кім еді?

Қазақстан ұлттық энциклопедиясында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388–1478) қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік-саяси өмірін жақсы білген тарихшы ретінде сипатталады. Ол – «Шипагерлік баян» атты көлемді емшілік-этнографиялық еңбектің авторы.

Деректерде оның Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен замандас болғаны айтылады.

Өтейбойдақтың өмірі туралы мәліметтер негізінен «Шипагерлік баян» кітабында келтірілген деректерге сүйенеді. Автор еңбегін Жәнібек ханның тапсыруымен 70 жасында жаза бастағанын, ал хан дүние салған 1473 жылы 85 жасында аяқтағанын баяндағаны туралы мәлімет бар. Осы деректерге сүйеніп, зерттеушілер оның өмір сүрген жылдарын шамамен 1388–1478 жылдар деп көрсетеді.

Өтейбойдақ еңбегінде өзінің шыққан тегі мен мекені туралы да мәлімет қалдырған. Ол өзін Ұлы жүздің Албан руынан екенін айтып, Жетісуды мекені ретінде көрсетеді. Жәнібек хан мен Жиренше шешеннің есімдерін де атайды.

Шипагерлік өнер Өтейбойдаққа ата-бабасынан дарығаны туралы деректер кездеседі. Ол бұрыннан жинақталған емшілік тәжірибесін меңгеріп қана қоймай, сол білімді жазба түрде жүйелеуге ұмтылған. Сондықтан оның есімі халықтық медицинаның тарихымен қатар, қазақ тіліндегі ғылыми ой мен медициналық терминологияның қалыптасу тарихында да аталады.
Бұл жолда ол атақ-даңқ, дүние-мүлік, бас құрап, үйлі-баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрік етіп, бүткіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарп еткен тұлға.

Кейбір еңбектер мен мақалаларда Өтейбойдақ шешекке қарсы егу тәсілін сипаттағаны және бұл тәжірибе ағылшын дәрігері Эдвард Дженнердің вакцина жасауынан бұрын болғаны айтылады. Алайда бұл мәселені ғылыми тұрғыдан сақтықпен қарастыру қажет.

«Шипагерлік баян» кітабы арқылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тек қана ғұлама шипагер емес, сонымен бірге халықтың өмір салтына, дүниетанымына, рухани мәдениетіне мейілінше қанық болғаны, өз заманының терең ойлы, ұлтжанды тұлғасы болғаны айқын аңғарылады. 2002 жылы Қазақстан халық емшілер қауымдастығы Өтейбойдақтың жерленген жері Алматы облысы Райымбек ауданының Шәлкөде жайлауындағы Айқайтас бөктеріне арнайы құлпытас орнатты. Алматы қаласындағы бір көшеге аты берілді.

«Шипагерлік баян» – дала медицинасының шежіресі

Өтейбойдақтың есімін ғасырлардан бүгінге жеткізген басты мұра – «Шипагерлік баян».

Бұл шығарма жай ғана емдеу тәсілдерінің жинағы емес. Оның мазмұнында медицина, анатомия, дәрілік заттар, тіл, этнография, философия және халықтың дүниетанымы тоғысады.

Фото: Kazinform

Еңбекте адамның түрлі мүшелері, ауру белгілері, емдеу жолдары және дәрілік заттар туралы мәліметтер кездеседі. Өтейбойдақ адам ағзасын өзара байланысқан тұтас жүйе ретінде қарастырып, жүрек, ми, қан, сөл және басқа да ағза бөліктерінің қызметі жөнінде өз дәуірінің түсінігіне сай пікірлер білдіреді. Күйік, үсік, тері аурулары, жарақат және басқа да сырқаттарға байланысты емдеу тәсілдерін сипаттайды.

«Шипагерлік баян» бүгінгі күнге Өтейбойдақтың ағайын ұрпақтары арқылы жеткен. Кітап уақыттың алуан түрлі зобалаңынан өтіп, мейілінше көлемді мұраның төрттен бөлігі ғана бүгінгі ұрпақтың қолына тиді. Қалған бөлігі Қытайдағы атышулы «мәдени төңкеріс» кезінде өртелді. Нұсқаның 1968 жылы өртенгеннен кейін қалған бөлігін жетінші рет Нұртай Түсенбайұлы көшірген. Бұдан кейін 1994 жылы араб әрпімен Үрімшіде, 1996 жылы Алматыда «Жалын» баспасында қазақ тілінде басылып шықты. Қытай үкіметі кітаптың құндылығын бағалап, 1997 жылы қытайдағы аз ұлттар арасындағы «Мемлекеттік бірінші кітап» деген сыйлықпен марапаттаған. Қытайда қазақ емшілгін зерттейтін орталықтары құрылды.

Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» кітабы қазақтың дәстүрлі медициналық тәжірибесі туралы мейілінше мол мағұлмат береді. Бұл ретте автордың мыңнан астам дәрі түрлерін тоғыстыру арқылы 4 мыңнан астам шипалық шаралардың қолданымын (рецепт беру) ұсынуы, оның білікті шипагер, ғұлама ғалым болғанын пайымдатады. 

«Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің аталуы, 500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілуі, бұл еңбектің тарихи-этнографиялық мән-маңызының ерекше екенін білдіреді.

Оның құндылығы – өз дәуірінің мүмкіндігі шегінде адам ағзасын түсінуге, аурудың себептерін ажыратуға және емдеу тәсілдерін жүйелеуге жасаған талпынысында. Осы тұрғыдан алғанда «Шипагерлік баян» – қазақ даласындағы медициналық ойдың даму тарихын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды жазба дерек.

Фото: Kazinform

Өтейбойдақ мұрасының тағы бір үлкен қыры – тіл.

«Шипагерлік баянда» көптеген ауру атаулары, медициналық ұғымдар мен емдеу тәсілдері қазақ тілінде сипатталған. Бұл еңбекті медицина тарихының дерегі ретінде ғана емес, қазақ тіліндегі медициналық терминологияның қалыптасуын зерттейтін құнды тілдік мұра ретінде де қарастыруға болады.

Бүгінде қазақ тіліндегі медициналық терминологияны дамыту мәселесінде, бірнеше ғасыр бұрын қолданылған медициналық атауларға назар аударудың мәні зор. Оларды жинақтау, мағынасын салыстыру және қазіргі терминдермен сабақтастығын зерттеу қазақ тілінің тарихын тереңірек тануға көмектеседі.

Өтейбойдақ TikTok-та қайта «тірілді»

Өтейбойдақ туралы тарихи деректерді қазіргі ұрпаққа жеткізудің жаңа тәсілін сериал авторы Талас Оразбайұлы қолға алған.

Ол жасанды интеллект құралдарының көмегімен бес ғасыр бұрынғы қазақ даласын, шипагердің өмірін, халық арасындағы қызметін және сол кезеңдегі түрлі оқиғаларды көркем туындыға айналдырып жатыр.

- Мен бұл сериал туралы ертеден ойластырып жүргенмін. Алғашында анимациялық фильм ретінде қарастырғанмын. Кейін жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін игергеннен кейін осы бағытта жасап көру ниетімен жұмысқа шұғыл кірісіп кеттім. Бірінші сериясын жасап жарялаған соң халықтың жақсы қабылдағанын көріп, әрі қарай жалғастыра бердім.

Қазір сериалдың сценарийі әлі жазылып жатыр. Жалғасы жасалуда. Күн сайын ізденіп, жаңа ойлар қосып, фильмнің сапасын жетілдіру бағытында жұмыс істеп келемін.

Өзім «Шипагерлік баянды» бұрын толық оқып шыққанмын. Ондағы өзгеше тілге, ерекше сөздерге қатты таңғалған едім. Сол кезеңдегі бабаларымыздың ғұламалық деңгейі, ой-өрісінің қаншалықты биік болғанын көрсететін жазба екені мені қатты қызықтырды. Сондықтан бұл кітаптың өзі осы туындыны жасауға үлкен негіз болды, – дейді Талас Оразбайұлы.

Автордың айтуынша, сериалдың негізгі мақсаты – Өтейбойдақтың еңбегін қазіргі ұрпаққа әлеуметтік желі арқылы таныстыру.

- Бес ғасыр бұрын Қазақ даласында халық үшін аянбай еңбек етіп, артына үлкен мұра қалдырған бабаларымыздың еңбегін жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, әлеуметтік желі арқылы бүгінгі ұрпаққа насихаттағым келеді.

Қазір телефон мен әлеуметтік желіні көрмейтін адам жоқ деуге болады. Сондықтан тарихи тұлғаларымызды тек кітап арқылы ғана емес, қазіргі заманның құралдары арқылы да таныстыру қажет деп ойлаймын.

Өтейбойдақ бабамыздың ел арасындағы еңбегін, әсіресе халық үлкен нәубет ретінде бастан өткерген оба кезіндегі жанкешті қызметін көрсетуге тырысып жатырмыз. Ауру адамдардың арасынан санақ жүргізіп, сырқаттың барысын бақылап, емін іздеген сәттері де туындыда суреттеледі, – дейді сериал авторы.

«Жеті ата» қағидасы мен Өтейбойдақ мұрасы

Талас Оразбайұлы сериал барысында Өтейбойдаққа қатысты тарихи және мәдени деректерді кеңірек қамтуды көздейтінін айтады.

Оның сөзінше, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі де туындыда қамтылатын маңызды тақырыптардың бірі.

Фото: Талас Оразбайұлының жеке архивінен

- Жалпы генетика тұрғысынан жеті атадан қыз алмау деген заңның ерекше керемет дүние екені қазір ғылымда да дәлелденіп отыр. Бұл ұғымның қазақ арасында Өтейбойдақ бабамыздан басталғаны туралы деректер бар. Кейінірек осы тыйым Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» заңына енді.

Меніңше, бұл – адамзат деңгейіндегі ғылыми-әлеуметтік маңызы бар тұжырым. Өкінішке қарай, қазақ даласында қалыптасқан осындай білім мен тәжірибе әлі де өз деңгейінде тарихи бағасын алған жоқ.

Өтейбойдақ бабамызды әлемдік деңгейдегі ғалым ретінде бағалауға болады деп ойлаймын. Бірақ ол әлі де толық ұлықталып, өз бағасын алған жоқ. Қазақтың ұлт ретінде қалыптасқан мәдениетінің бірнеше ғасырлық тарихы бар десек, соның айқын көріністерінің бірі – осындай дәстүрлер мен қоғамдық қағидалар.

Өтейбойдақ бабамыздың вакцинаға қатысты тәжірибесі болғаны да айтылады. Бұл дерек халықаралық деңгейде мойындалмаса да, өзіміздің мәдениетімізде қалыптасқан салт-сана, деректер арқылы бұл мұраны көрсетуге болады.

Аурудан қалай сақтану, қалай оқшаулану керек деген секілді түсініктердің бес ғасыр бұрынғы көрінісін кемінде осы фильмдер арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Дерек пен көркем қиял тоғысқан жоба

Автор фильмді деректі фильм ретінде емес, тарихи деректерге сүйенген көркем шығарма ретінде қарастырады. Сондықтан мұнда тарихи өзек пен шығармашылық қиял қатар жүреді.

- Мен жасап жатқан фильм – тарихи деректерге өзек болғанымен, көркем шығарма. Сондықтан шығармашылық шабытқа, көркем қиялға сүйене отырып, сол кезеңдегі қазақ даласының бейнесін, мәдениетін, тұрмысын және шипагерлік өнерін көрсетуге тырысамыз.

Фильм арқылы көрерменге сол заманның атмосферасын сезіндіру маңызды. Өйткені кітаптағы тарихи деректі оқып шығу бір бөлек, ал сол дәуірді көзбен көру мүлде басқа әсер береді, – дейді Талас Оразбайұлы.

Автор сериалды жасау барысында мамандармен де кеңесіп жүргенін айтты.

- Осы жұмысты қолға алғаннан бері қазақтың шипагерлерімен, тарихшылармен кездесіп, сөйлесіп, олардың кеңестерін алып жатырмын. Өтейбойдақ бабамыздың ұрпағы болып келетін адамдар да хабарласып, өздері білетін мәліметтермен бөлісіп жатыр.

Шетелде тұратын, Өтейбойдақтың шипагерлігін зерттейтін орталықтар да хабарласты. Олар туындыға ризашылығын білдіріп, қажет болса өз тараптарынан кеңес беруге дайын екендерін айтты.

Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі мұндай тарихи туындыны бір адамның көзқарасымен ғана жасау жеткіліксіз. Мүмкіндігінше әртүрлі деректі салыстырып, білетін адамдардың пікірін тыңдау қажет, – дейді ол.

Жобаның алғашқы кезеңі, жекелеген адамдардың қаражты мен автордың өз еңбегі арқылы жүзеге асырылып отыр.

Оның айтуынша, алдағы уақытта туындыны біртіндеп кәсіби деңгейге жеткізіп, оған демеушілер мен компанияларды тарту жоспарланған.

- Жоба жеке қаржы және өз еңбегіммен басталды. Сериялды біртіндеп көрермен азын-аулақ ақы төлеп көретіндей жасау ойымда бар. Түскен қаржы арқылы көркемдік және техникалық жағынан жетілдіргім келеді. Шетелде осындай жобалардың қаржылану жолдары қалыптасқан. Қазақстандық жас сценаристер мен фильм жасаушылар үшін де осындай мүмкіндік қалыптасса деген ойым бар.

Қазір жеке адамдардан және компаниялардан бұл фильмге қаржылық қолдау көрсету туралы ұсыныстар да түсіп жатыр. Бұл жобаның қоғам тарапынан қызығушылық тудырып отырғанын көрсетеді, – дейді сериал авторы.

Фото: Kazinform

Жасанды интеллекттің қазақ тілінде дыбыстауға икемі жеткіліксіз

Жоба авторының айтуынша, жасанды интеллект тарихи көріністерді жасауға мүмкіндік бергенімен, қазақ тіліндегі дыбыстау мен кейіпкерлердің эмоциясын дәл жеткізу жағынан әлі де қиындықтар бар.

- Бүгінгі таңда фильм жасаудағы негізгі қиындықтардың бірі – жасанды интеллекттің қазақ тілін толыққанды меңгермеуі. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін дұрыс бере алмайтын кездері бар. Кейіпкердің нақты эмоциясын да адам секілді дәл жеткізу қиын.

Әзірге осындай кемшіліктерге көз жұма қарауға тура келеді. Бірақ алдағы уақытта жасанды интеллекттің қуаты мен икемділігі арта түседі деп ойлаймыз. Бұл бағытта өзіміз де қазақ тіліне қатысты базаның дамуына үлес қосуға тырысып жатырмыз.

Әрине, мұның барлығы қаржылық мәселеге де тіреледі. Біз мүмкіндігінше ең төменгі шығынмен жасанды интеллект құралдарын пайдаланып жатырмыз. Бір бұйрықты бірнеше рет орындату, бір суретті бірнеше рет өңдеу – бәрі шығынды арттырады.
Дегенмен дәстүрлі кинодағы өндіріс шығынымен салыстырғанда, жасанды интеллект арқылы фильм жасау әлдеқайда арзан. Сондықтан бұл технология шығармашылық адамдарға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын, - дейді Талас Оразбайұлы.