Гір спортымен шұғылданатын бозбала биылғы наурыз айында ел чемпионы атанса, қарашада Латвияның Талси қаласында өткен Еуропаның ашық чемпионатында топ жарды.
-Гір спортымен 7-сыныптан бастап айналыса бастадым, дейді Елжан. Ол кезде №38 мектепте оқитынмын. Негізі спортқа бала кезден бейімдігім байқалды. 3-5-сынып аралығында таэквондоға бардым. Бірақ жаттығулар кешкі 9-дан 11-ге дейін болатындықтан, шаршап жүрдім. Содан қазіргі бапкерім Досым Сейілханұлын кездестірдім. Ол мені көрді де «Балам, сен гір спортын таңда, ұнаса әрі қарай айналыса бересің. Түр-тұлғаң осы спортқа келеді» деді. «Кем дегенде Қазақстан чемпионы боласың. Әрі қарай Еуропа, әлем чемпионаттарына апарамын» дегені де талабымды оятты. Бапкерім сөзінде тұрды. Төрт рет Қазақстан чемпионатына қатыстым, күні кеше Талси қаласынан Еуропа чемпионы болып оралдым. Бапкерім Досым Сейілханұлы негізі боксшы. Бірақ ізденгіштігінің, жан жақтылығының арқасында гір спортын керемет меңгерген. «Темірге темірдей адам керек» дегенді шәкірттерінің санасына құю арқылы бапкер ретінде үлкен табысқа жетіп келеді. Ол кісі балаға ұрыспайды, барлығын сабырмен түсіндіреді. «Балам, ең алдымен, жақсы адам бол, спорт деген бәрібір хобби, бір күні оны да тастайсың. Сол кезде жақсы адам, маман болсаң, өмірден өз орныңды табасың», - деп отырады.
Өмірдегі ең басты жанкүйерлерім - нағашы атам Ғазез бен әжем Қапия. Әке-шешемнен гөрі соларға жақынмын. Басқаша айтқанда, атам мен әжемнің баласымын. Гір көтерем дегенде, әрине, жандары ашып: «Балам, беліңді ауыртып алма» дегендей ақылдарын айтты. Менің нәтижелерімді көргеннен кейін маған сенді, толық қолдады. Екінші жанкүйерім - ол өзімнің туған мектебім. Мектеп директоры Нұрлы Нығметқызына ерекше алғысымды айтқым келеді. Себебі біздің мектепте спортпен айналысуға толық жағдай бар. Спорт залы ашық тұрады, жаттығу алдында және одан кейін міндетті түрде еден жуылады. Кей мектептерде жуынатын душ бөлмесі тек тексеріс келгенде ашылатын болса, бізде кез келген уақытта ашық. Содан болар, біздің мектептің оқушыларының 40 пайызы гір спортымен, 40 пайызы баскетболмен айналысады. Қалған 20 пайызы сабақты өте жақсы оқиды.
«Үздіксіз жаттығудың нәтижесінде Латвиядағы жарыста 78 келі салмақта топ жардым. Алдағы мақсатым - ҰБТ-ға мықтап дайындалу», деді Е.Әбідхалықов.