Отырар ауданында зорланған жеткіншектер саны 15-ке жетті – фейк

Түркістан облысының Отырар ауданында 15 жеткіншектің зорланғаны жайында таратылған ақпарат жалған. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: rgmedia.kz

Өңірдің бас полицейі шындыққа жанаспайтын ақпарат бойынша әлеуметтік желіде жазба жариялады.

«Түркістан облысы полиция департаментіне 2023 жылы 19 қазанға дейін 3 азамат арызданған. Ешқандай 15 дерек немесе 15 арыз, 15 жәбірленуші деген жоқ. Сонымен қатар басқа да жәбірленушілерді анықтау мақсатында жедел-тергеу іс-шараларын жалғастырудамыз», - деп жазды Мұрат Қабденов Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ, Түркістан облысының полиция департаменті жалған ақпарат таратушыларды ҚР ҚК-нің 274-бабымен жауапкершілікке тарту қарастырылғаны туралы ескерту жасады.

Айта кетейік, кеше Түркістан облысының 33 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қыздарды зорлады деген күдікке ілініп, қамауға алынған болатын.