Ақынның туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған кештің шымылдығын Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы алғы сөзбен ашып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ақын Қазыбек Иса Есжан Айнабековпен достығы туралы кеңінен әңгімелеп, оның ерекше дарын иесі болғандығы және желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандығы туралы айтып, өз естеліктерін бөлісті.
Аудандық мәдениет сарайында өткен кеш барысында Есжан Айнабековтің «Ескерткіш» әңгімесінің желісі бойынша сахналық қойылым көрсетілді. Сонымен қатар аудан өнерпазы Нұрсұлтан Жақсылық ақынның сөзіне жазылған Еркебай Көшербаевтың «Күлімкөздің жүзігі» әнін орындаса, ауыл жастары ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Есжан Айнабековтің туыстары мен достары оның жарқын бейнесі мен бірегей болмысы, азаматтығы туралы естелік айтты.
Жыр мүшәйрасына қазылық еткен қаламгерлердің шешімі бойынша өз туындыларын ұсынған талапкерлер жүлделі орындармен марапатталды. Атап айтсақ, Бақдәулет Анарбай бас жүлде иегері атанды. Ал Раушан Мұратова бірінші орын, Нұрғали Сердалиев пен Бауыржан Ерман екінші орын, Ербол Садыбай мен Асқарбек Сапарбай және Гауһар Жүсіпәлиева үшінші орын иеленді.
Өзге де қатысушыларға «Қазақ үні» газетінің арнайы жүлдесі мен ынталандыру сыйлықтары табысталды. Осылайша Есжан Айнабековті еске алуға арналған кеш өз мәресіне жетті.