«Отырардың күйреуі»: режиссер Мартин Скорсезе қоры фильмді 4K форматында қайта өңдеді

Фото: blu-ray.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақ режиссері Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» фильмі 4K форматта қайта жаңғыртылды. 

World Cinema Project бағдарламасы аясында 1991 жылы түсірілген қазақ режиссері Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» фильмі 4K форматта қайта өңдеуден өтті. Жаңартылған кинотуындының премьерасы 26 шілдеде Англияның Бристоль қаласында өтеді. Ал 1 тамызда Нью-Йорктегі Линкольн орталығындағы кинотеатрда көрсетіледі. Режиссер әрі ARDFILM компаниясының директоры Ардақ Әмірқұлов Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, фильмді қалпына келтіру және жұмыс барысындағы қиындықтар туралы айтып берді. 

Фильмнің трейлері 10 шілде күні жарияланды: 

Ардақ Әмірқұловтың айтуынша, бұл фильмнің – алғашқы цифрлық 4K нұсқасы. Бұған дейін «Отырардың күйреуі» тек пленка форматында ғана болған. 

– Еуропада классикалық киноны қайта қалпына келтірумен айналысатын арнайы қор бар. Олар фильмдерді өздері таңдап, қаржыландырып, өз есебінен қалпына келтіреді. Бұл қор Мартин Скорсезе құрған The Film Foundation қорымен бірлесіп жұмыс істейді. Бір кездері Скорсезе бұл фильмді өзінің жеке коллекциясына қосқан. Кейін оны Нью-Йорктегі Джордж Истман мұражайына тапсырды. Қазір цифрлық дәуірде олар бұл туындыны сандық форматта қайта жаңғыртуды жөн көріпті, - деді режиссер.

Фото: видеодан алынған скрин

Скорсезе қоры таңдаған қазақ фильмі

Фильмді қайта қалпына келтіру туралы шешімді Мартин Скорсезенің қоры қабылдаған. Олар әлемдік кино классикасына енген фильмдерді таңдап, келер ұрпаққа сақтау мақсатында жұмыс істейді. Бұған дейін олар Акира Куросава, Федерико Феллини, Микеланджело Антониони, Ингмар Бергман, Андрей Тарковский секілді режиссерлердің фильмдерін қайта өңдеген. Осы жолы қазақ киносы таңдалды – фильм енді Еуропа мен АҚШ-тағы IMAX кинотеатрларда көрсетілмек. 

– Бірде Скорсезе қорының өкілдері Алматыға келіп, фильмді өз аттарынан көрсетуге рұқсат сұрады. «Мартин Скорсезе ұсынады» деген титрмен көрсетуді өтінді. Мен келісім бердім. Жалғыз көшірмені мұражайға тапсырды, кейін сол көшірменің негізінде сандық нұсқасын жасап шықты, - деді Ардақ Әмірқұлов.

Италияның Болонья қаласында фильмнің түпнұсқасы толықтай қайта сканерленіп, 4K форматында Blu-ray дискісінде шығарылған.

– Мен техникалық іске араласпадым. Бұл іспен Италиядағы кәсіби мамандар айналысты. Олар бізге өңделген бөліктерін жіберіп отырды, ал біз ескертулер мен түзетулер жасадық, - деді ол. 

Фото: видеодан алынған скрин

Фильм The Film Foundation және Cineteca di Bologna ұйымдарының World Cinema Project жобасы аясында L’Immagine Ritrovata зертханасында қайта өңделді. 

– Жобаны Hobson/Lucas Family Foundation қаржыландырды. Алматыда ARDFILM компаниясы сканерлеу жұмыстарын жүргізді. Ардақ Әмірқұлов сканерлеу процесін басқарды және түпкілікті түзетуді бекітті. Арнайы алғыс – Дэниел Бердке. Қалпына келтіру жұмысы 2024 жылы аяқталды, - делінген ресми баспасөз хабарламасында.

Фильм Қазақстанда көрсетіле ме

Фильмнің авторлық құқығына ие ARDFILM компаниясы Скорсезе қорымен келісім жасасқан. Ардақ Әмірқұловтың айтуынша, қорға Еуропа мен Солтүстік Америка аумағында көрсетілім құқығы берілген. Ал Азия, Африка, Латын Америкасы мен ТМД елдеріндегі прокат құқығы ARDFILM компаниясында қала береді.

– Бізге 4K форматындағы цифрлық көшірме берілді. Күзде Қазақстанда прокатқа шығаруымыз мүмкін. Бұл тек бізге ғана байланысты емес – кинотеатрлардың шешімі маңызды. Бізде алдын ала төлем жасауға мүмкіндік жоқ. Дегенмен қызығушылық болса, өз трейлерімізді жасап, жарнама жүргіземіз. Қыркүйек немесе қазан айларында прокатқа шығарамыз деген ой бар. Егер мүмкін болмаса, стриминг платформалармен келісеміз немесе YouTube-арнамызға саламыз, - деді режиссер.

Фото: видеодан алынған скрин

Тарихи фильм қалай түсірілді

«Отырардың күйреуі» фильмін «Қазақфильм» көмегімен 1991 жылы ARDFILM студиясы түсірген. Киноның сюжеті XIII ғасыр басында қазақ даласындағы мәдени әрі саяси орталық – Отырар қаласының тарихына негізделген және шаһарды Шыңғыс хан әскері басып алған кезең баяндалады. Орталық Азияға бағытталған жорық туралы естіген Інжу Хорезм хандығының билеушілерін келешек қауіп туралы ескертуге асығады.

Фильмде Дохдурбек Қыдыралиев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Болот Бейшеналиев, Абдурашид Махсудов сынды актерлер ойнаған. Сценарий авторлары – Алексей Герман мен Светлана Кармалита. Операторлар – Сапар Қойчуманов пен Әубәкір Сүлеев. Қоюшы-суретші – Өмірзақ Шманов.

Фото: Ардақ Әмірқұловтың жеке мұрағатынан

Фильм қазақ тілінде түсірілген. Кеңес Одағында бір дауысты аудармамен көрсетілген, алайда орыс тіліне толық дубляж жасалмаған. Болашақта да дубляж жасау жоспарда жоқ. 

– Қалпына келтірілген нұсқа да ағылшын тіліндегі субтитрлермен қазақ тілінде қалды. Қазақстанда көрсетілген жағдайда, орысша субтитрлерді қосуымыз мүмкін, - деді режиссер.

Фильм бастапқыда Ардақ Әмірқұловтың дипломдық жұмысы ретінде ойластырылған. Алайда түсірілім төрт жылға созылып кеткен және осы кезеңде жоба мемлекеттік қаржыландырудан айырылған. 

Фото: Ардақ Әмірқұловтың жеке мұрағатынан

Туындының түсірілімі туралы қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов айтып берді:

– Барлық декорация: қамалдар, сарайлар, ішкі бейнелері, сондай-ақ табиғи ортадағы локациялар – ауылдар мен моңғолдардың лагерьлері менің жұмысым болды. Қоюшы-суретшілер жұмысқа сценарий кезеңінде кіріседі. Режиссермен, оператормен, картинаның директормен мәтінді талқылаймыз. Кейін дайындық кезеңі басталады. Біз эскиз, макет жасаймыз, смета құрастырамыз. Бұл – үлкен жұмыс. Жоба көркемдік кеңесте қорғалады: киімнен бастап декорация үлгілеріне дейін бәрін көрсетеміз. Ескертулерді ескеріп, толықтырамыз, - деді Өмірзақ Шманов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, дайындықтан кейін түсірілім кезеңі басталады. Декорациялар алдын ала орнатылып, киім тігіледі, реквизит – көне бұйымдар жиналады. Трюктерден бастап аттармен түсірілетін көріністерге, жерасты жолдары, шабуылдар мен өртке дейін барлығы ойластырылады. Басты талап – қауіпсіздік басты назарда болды. Өмірзақ Шманов түсірілім барысында ешқандай оқыс оқиға орын алмағанын атап өтті.

Фото: Kazinform

Фильм 1987 жылдан 1991 жылға дейін түсірілген. Бұл – ауыр кезең еді: Кеңес Одағы ыдырап жатты, қаржыландыру тоқтады, жұмыс үзіліп отырды, жұмысшылар кетіп жатты, ақша болған жоқ.

– Тіпті студия кассасында «Ақша жоқ. Ардақ Әмірқұловтан сұраңыздар» деген жазба ілініп тұрды. Бірақ біз тоқтаған жоқпыз. Түсірілім Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда өтті. Көне Отырар қаласының декорацияларын бірнеше рет қалпына келтіруге тура келді, себебі аязда саз қатып қалатын, құрылыс жүргізу мүмкін болмады. Біз жас болдық, фильмге сендік, - деді Өмірзақ Шманов.

Фото: Өмірзақ Шмановтың жеке мұрағатынан

Айтуынша, фильмнің ресми тұсаукесері болмаған. Дегенмен кинотуынды шетелде назарға ілініп, Өмірзақ Шманов осы фильмнен кейін Италияға шақырту алған. Ал 1993 жылы олар кино саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 

– Реставрацияға келсек – бұл өте маңызды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан үшін мәдени қадам. Бұл – біздің тарихымыз. Осы фильмнің жасалуына атсалысқаныма мақтанамын. Өкініштісі – біздің Мәдениет министрлігі бұл жаңғыртуға мүлде назар аудармады. Шетелдіктер біздің фильмге қызығушылық танытып отыр, ал бізде – үнсіздік, - деп түйіндеді Өмірзақ Шманов.

Еске салайық, бұған дейін «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығында «Ең үздік деректі фильм» номинациясы бойынша JIBEK JOLY телеарнасының «Человек с острова Кулалы» фильмі жеңімпаз атанды.