«Ағымдағы жылдың 6 айы бойынша республиканың алқа билер сотымен 183 қылмыстық іс қаралған. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда алқа билер сотымен қаралатын істердің бірден артқанын көрсетеді. Тоқтала кететін жайт, негізінен алқа билер соты аса ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған сотталушының тілегіне орай жүзеге асады. Сондықтан да соңғы кездері аса ауыр қылмыстардың алқа билер сотымен қаралу саны да артып отыр. Мәселен, өткен алты айда қаралған 183 қылмыстық іс бойынша 248 адам сотталса, 39 адамды алқа билер қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақтаған», - деді төраға Б. Бекназаров.
Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, алқа билер соты көбінесе ақтаушы үкімдерді шығаруға бейім. Бұнда негізінен қылмысты бағалау судьямен ғана емес, алқа билермен де жасалады. «Қазіргі уақытта алқа билер қарауына аса ауыр қылмыстарды ғана емес, ауыр қылмыстарды да беру туралы мәселелер көтеріліп отыр. Дегенмен, бұл мәселе болашақта кеңінен талқыланатын болады»- деді Б. Бекназаров.