Бұл туралы бүгін Астанадағы БҰҰ өкілдігінде «Қазақстан Республикасындағы кедейлікті бағалаудың әдістемесін жетілдіру және оны төмендету жолдары» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел жиыны барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
«Жалпы алғанда елімізде кедейшілікпен күреске бағытталған екі мемлекеттік бағдарлама 2000-2005 жылдары арасында жүзеге асты. Оның біріншісі кедейлікті әлеуметтік қолдау, еңбекпен қамту жолдарын кеңейту мәселелерін қарастырған болатын. Ал екіншісіндегі басты мәселе еңбек жалақыларын арттыруға, зейнетақының төменгі деңгейін көтеруге және әлеуметтік көмектер көрсетуге бағдарланды», - дейді Г. Әбдіқалықова.
Министрдің айтуынша, еліміздегі кедейшілік деңгейін төмендетуге 2001 жылы қабылданған «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заң да үлкен рөл атқарды. Осы заң арқылы түрлі себептерге орай материалдық қиыншылықтар тартып отырған аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету реттелді. Заңды жүзеге асыру барысында аз қамтылған отбасыларды тіркеу жүзеге асып, атаулы әлеуметтік көмектер тағайындау мен енгізудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді.
«Жалпы алғанда 2002-2011 жылдары мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 8,5 есеге немесе 1 млн. адамнан 139 мың адамға қысқарды», - дейді министр Гүлшара Әбдіқалықова.