Өткен аптада 114 нұсқаушы-бақылаушының, 383 санақшының құжаттары түгенделіп, жұмысқа қабылданды
20:52, 26 Қаңтар 2009
АҚТАУ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ұлттық халық санағына жүріп жатқан дайындық барысында Маңғыстау облысында өткен аптада 114 нұсқаушы-бақылаушының және 383 санақшының құжаттары түгенделіп, жұмысқа қабылданды. Ақпарат құралдарында 9 материал жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық статистика департаментіне сілтеме жасап.«Ұйымдастыру жұмыстары барысында насихат жұмыстарын бірінші орынға қойып келеміз. Қаңтардың 20-21-і күндері Жаңаөзен қаласындағы бес мектепте халық санағы тақырыбына арналған сыныптан тыс сағаттарды өткіздік. Ақтау қаласының көрнекті жерлерінен «Халық санағы-2009» стендін іліп жатырмыз. Бұл жұмыстар күні бүгін де жалғасуда. Мұндай стендтерді аудан-ауылдарда да ілетін боламыз. Әсіресе, басты назарды ақпарат құралдарына салып отырмыз. Әр аудан бойынша аптасына бір спикерден тағайындап, газеттерге материал, телеарналар мен радиоларға сұхбат берудеміз», дейді облыстық статистика департаментінің бастығының орынбасары Шолпан Ризақызы.Жарнамалық материалдар дайындап, ілу бойынша осы уақытқа дейін жан-жақты шаралар атқарылған. Ақтау қаласында А-3 форматында тиражы 2000 экземпляр ақпараттық парақшалар шығарып таратылған болса, қала бойынша жүретін қоғамдық 150 автобуста ақпараттық плакаттар ілінген, орталық дүкендерде 400 плакат, көшелер мен автобус аялдамаларында 1000-ға тарта плакат жапсырылған. Үлкен көше бойларында 2 бильборд, 1 керме жолақ ілінген. Қарақия ауданында автобус аялдамалары мен бағдарлы көліктерде 40 дана халыққа үндеу жапсырылған.