«Жыл басынан бері жол апаттарында мыңнан астам адам қаза тауып, 8 мыңнан астам азамат жарақат алды. Күн сайын еліміздің жолдарында 7-ге жуық адам қаза тауып, 70-ке тарта адам түрлі дене жарақаттарын алып жатады. Тек өткен аптада ғана ведомстволық мәліметтерге сәйкес, елімізде 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 50-ге жуық адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алды», - деді Жандос Мұратәлиев ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен болатын оқиғалар ерекше алаңдаушылық тудырады. Жыл басынан бері 2 мыңға жуық бала түрлі жарақат алып, 90-нан астамы қайтыс болды.
«Жол апаттарын талдау барысында олардың негізгі себептері жылдамдық режимін асыру, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы жүріс жолағына шығу, аударылу, жаяу жүргіншілерді басып кету болып отыр», - деді комитет төрағасының орынбасары.