Хоккейден әлем чемпионаты Қазақстанда өте ме?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық хоккей федерациясының президенті Люк Тардифті қабылдады. Кездесу барысында спорт инфрақұрылымдарының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Осы ретте Президент еліміздің 2027 жылы әлем чемпионатын өткізуге жолдаған өтінімі 2023 жылы мамырдағы дауыс беру кезінде қолдау тапса, Қазақстанның осы шараны ұйымдастыруға дайын екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық хоккей федерациясы өз тарихында Азия құрлығында ешқашан жоғары деңгейдегі чемпионаттар өткізбегенін атап өтті. Халықаралық хоккей федерациясының президенті кездесуге мүмкіндік бергені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстанда хоккей спортын дамытуға көңіл бөлініп жатқанын жоғары бағалады.
Геннадий Головкин есе қайтара алмады
Бүгін Лас-Вегастағы T-Mobile Arena стадионында өткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы 12 раундтық бокс жекпе-жегі төрешілердің шешімі бойынша мексикалықтың пайдасына шешілді.
«GGG» (42:1:1) мен «Канело» (57:2:2) арасындағы үшінші кездесу мәресіне жетті. Жеңімпаз – Сауль «Канело» Альварес.
Осылайша, отандасымыз Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы ең басты қарсыласы Сауль Альварестен үшінші кездесуде де есе қайтара алмады.
Мексикалық бокс шебері WBA, WBC, WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Соның арқасында ол абсолютті әлем чемпионы атанып отыр.
Үкілі үмітті үздіктер
Бүгін Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты мәресіне жетеді.
Айта кетсек, еркін күрестен 86 келі салмақта Азамат Дәулетбеков қолаға қол созды.
Азамат Дәулетбеков 1994 жылдың 15 наурызында дүниеге келген. Бұған дейін Азия чемпионатында 2022 жылы алтын алса, 2018 жылы күміс, 2017 жылы қола жүлде алды.
Еске салсақ, бұдан бұрын әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова күміс жүлде алды.
Жәмила Бақбергенова 1996 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. Ересектер арасында 2021 жылы Норвегия астанасы Осло қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Ол Азия чемпионатында 2020, 2022 жылдарда чемпион атанса, 2021 жылы күміс, 2019 жылы қола алды.
Сондай-ақ, грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали қола жүлдегер атанды.
Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Бұған дейін 2018 жылы Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында да қола жүлде алған еді.
Топтық бәсекеден аса алмады
Шотландияның Глазго қаласында өткен Дэвис кубогінің топтық бәсекесінде Қазақстан құрамасы Нидерланд пен АҚШ-қа жол берді.
Сөйтіп, 18 қыркүйек күні өтетін Қазақстан - Ұлыбритания матчының нәтижесіне қарамастан, америкалықтар мен нидерландылықтар ширек финалға жолдама алды. Бүгін олардың өзара бәсекесінде D тобында қай команданың бірінші орын алатыны белгілі болады.
Сондай-ақ, Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Чехияның Яблонец-над-Нисоу қаласында өткен ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды.
Фото: olympic.kz