Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, өткен аптада іздеуде жүрген 19 күдікті қолға түсіп, 6 атыс қаруы тәркіленген. Сондай-ақ есірткімен байланысты 183 қылмыс тіркеліп, оның 50 фактісі есірткіні таратуға қатысты болған. Бұған қоса 40 келіден астам есірткі тәркіленіп, оның 500 грамы героин және 10 келісі гашиш болып отыр. «Тәртіп сақшылары Алматы-Екатеринбург бағытында кетіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, ондағы Қостанай азаматынан 10 келі марихуана тапты. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы кедендік бекеттердің бірінен Омбы қаласына кетіп бара жатқан Ресей азаматы ұсталып, одан 2 келі гашиш табылды. Есірткі тасымалдаушы оны кеудесіне жапсырып алыпты. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Элитное ауылының 36 жасар тұрғынының үйінен иісшіл иттің көмегімен 1,5 келі гашиш табылды» деді департамент бастығы.