Өткен аптада елде жасалған 2 мың 8 қылмыстың 1 мың 588-нің ізі суымай ашылды - апталық брифинг

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен аптада елде 2 мың 8 қылмыс жасалып,олардың 1 мың 588-нің ізі суымай ашылды.

Сонымен қатар 363 бұрын жасалған қылмыстар әшкереленіп, қылмыс жасады деген күдікпен 66 адам ұсталып, 8 атыс қаруы тәркіленді. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметтері бойынша, апта ішінде елде есірткімен байланысты 165 қылмыс тіркелген. Оның 39 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. Заңсыз айналымнан 4,5 келі есірткі алынды. «Қарағандыда бірнеше грамм героинді саудалау кезінде 40 жастағы азамат ұсталып, оның үйін тексеру кезінде 2 келі героин табылды.

Ал Павлодар облысындағы арнайы жүргізілген операция барысында аймақтағы кәсіптік-техникалық лицейдің айналасында 8 грамм марихуананы мектеп оқушыларына сатпақ болған, бұрын сотталған 27 жасар азамат ұсталды. Осы әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды», деді департамент бастығы.