Атап айтқанда, «Кендір-2011» операциясы шеңберінде Жамбыл облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының және «Дельта-Долина» өңіраралық бөлімінің қызметкерлері Шу ауданында марихуана дайындап жатқан жерінен 41 жастағы Алматы қаласының тұрғынын ұстады. Одан бір тоннадан астам (1146 келі) есірткі заты табылып, алынды. Шамамен осындай салмақтағы есірткі заты 54 жастағы Қырғыз Республикасының азаматынан да табылып, тәркіленді. «Сонымен қатар Мерке ауданының полицейлері 58 жастағы Астана қаласының тұрғынын ұстады. Одан жарты тонна (502 келі) жаңа орылған марихуана алынды», - деді ол.
Н.Ораздың атап өтуінше, Алматы қаласындағы үйлердің бірінің жертөлесінде полиция қызметкерлері 39 жастағы қала тұрғынынан 119 келі марихуана тәркілеген. Ұсталған азамат есірткі затын Жамбыл облысынан әкелгендігін айтқан.
Айта кетейік, республика аумағында жыл сайын маусым-қазан айлары аралығында «Кендір 2011» кең ауқымды операциясы өткізіледі. Оның басты мақсаты - есірткіні дайындауды, сондай-ақ Шу алқабынан есіртікіні тасымалдауды анықтау және жолын кесу, өңірлерде есіртікінің контрабандалық арналарын жою. Қазіргі уақытта негізгі магистральдық және жергілікті маңыздағы автожолдарда қосымша бекеттер құрылып, ұтқыр топтар қызмет етуде.