Өткен айда дизель отынының бағасы 5 пайызға, бензин бағасы 1,8 пайызға төмендеді - Статистика

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы ақпанда өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар бағасы 8,3 пайызға төмендеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылғы ақпанда қаңтармен салыстырғанда баға кен өндіру өнеркәсібінде - 14 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде - 1,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, өндірілген өнімге баға - 9,2 пайызға арзандап, өндірістік сипаттағы қызметтерге - 0,8 пайызға жоғарылады. Бұдан бөлек, өткен айда бағаның газ конденсатына - 36,4 пайыз, мұнайға - 13,4 пайыз, металл кендеріне - 11,8 пайыз, табиғи газға - 5,9 пайыз, дизельдік отынға - 5 пайыз, мазутқа - 4,8 пайыз, бензинге - 1,8 пайызға төмендеуі, олардың көмірге - 3,9 пайызға жоғарылауы тіркелді. «Сонымен қатар, баға қорғасынға - 13,2 пайыз, мысқа - 9 пайыз, мырышқа - 7,8 пайыз, қара металдар илегіне - 2,6 пайыз, ферроқорытпаларға - 2,2 пайыз, алюминийге - 1,7 пайызға төмендесе, асыл металдарға - 4 пайызға жоғарылаған. Бағаның қантқа - 7 пайыз, құс етіне - 5,2 пайыз, мал етіне - 2,6 пайыз, балыққа - 1,9 пайыз, өсімдік майына - 0,8 пайызға төмендеуі, олардың қарақұмық жармасына - 5,4 пайызға, қара бидай ұнына - 1,3 пайыз, макарон өнімдеріне - 1,2 пайыз%, нанға - 1,1 пайыға жоғарылауы тіркелді», -делінген баспасөз баянында.