Бұл ретте қаңтар-маусым айлары аралығындағы нақты жалақы 0,5 пайызға, номиналды жалақы 7 пайызға өсіп, 104 мың теңгені құрады. Бұл туралы бүгін ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланған Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Еңбек нарығындағы жағдай да тұрақты болып отыр. Маусым айындағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрайды», - дейді Е. Досаев. Оның сөзіне қарағанда, экономика салаларындағы оң үдерістерге қол жеткізуге, инвестициялық белсенділіктің сақталуына көбінесе еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өз септігін тигізіп отыр. Мәселен, 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында аталмыш бағдарлама аясында 71,6 млрд. теңгенің 34 жобасы іске қосылған. Соның нәтижесінде 2 мың 300-ге тарта тұрақты жұмыс орындары құрылды.
«Жалпы, индустрияландыру бағдарламасы аясында 2013 жылға 556 млрд. теңгенің 146 жобасы жоспарланып отыр. Осының арқасында 14 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылмақ», - деді министр.