Өткен бес айда жеткіншектер мен балалар арасындағы қылмыс деңгейі азайды - М. Демеуов

АСТАНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қалалық Ішкі істер департаментінде департамент басшысы Марат Демеуовтың төрағалығымен полиция қызметін бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Тоқсанына бір рет басқосатын Қоғамдық кеңес қалалық ІІД-нің консультативтік-кеңестік органы болып табылады. Оның бүгінгі күн тәртібінде оқушылар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстардың алдын алуда мектеп инспекторларының қызметін ұйымдастыру мәселесі қаралуда.

 М.Демеуовтың атап көрсеткеніндей, үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде жеткіншектер арасында денеге жарақат келтіру, қарақшылық, тонау, ауыр және аса ауыр қылмыстардың деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда анағұрлым төмендеп, қылмыстардың ашылу үрдісі 5 пайызға артқан. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде балалар арасындағы қылмыстар мен қаңғыбастық фактілері азайған.

 ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқамасының бастығы Батырлан Есенбайдың айтуынша, қалада 68 мың 398 бала білім алатын 64 орта білім беру мекемесінің әрқайсысында мектеп инспекторлары жұмыс істейді. Олармен бірге ІІД-нің қызметкерлері тіркелген. Тәрбиелік-профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында қалада «Полицияның балғын көмекшісі» құрылымдары жасақталды. Бүгінде 22 отрядқа 292 полиция көмекшісі еніп отыр. Сондай-ақ арнаулы оқу орындарында «Полицияның жас көмекшілері» құрылымы жұмыс істейді. Қолға алынған шаралар есепте тұрған кәмелетке толмаған жастардың санын азайтуға мүмкіндік берді.