Өткен демалыс күндері Ақтөбе облысында 1 мың гектарға жуық далалық алқап өртке оранды

АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат - Өткен сенбі және жексенбі күнгі демалыстарда Ақтөбе облысында 1 мың гектарға жуық далалық алқап өртке оранды.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім еткендей, шілденің 24-і күні Темір ауданына қарасты Ақсай және Алтықарасу ауылдық округтерінде 230 га жер өртке оранды. Тілсіз жау облыс бойынша өртке қарсы қызметі мен ерікті құрылымдардың күшімен бір жарым тәуліктен кейін сөндірілді.

Сондай-ақ, шілденің 25-і күні Хромтау ауданынан 75 шақырым жердегі Бөгетсай ауылдық округінің аумағындағы алқап жанды. Жалын ауыл халқы мен облыс бойынша өртке қарсы қызметінің күшімен 500 га аумақта ауыздықталды.

Осы күні кешқұрым өрт, Алға ауданы, Бесқоспа ауылдық округінен шықты. Жалынның шарпыған аумағы 200 гектарды құрады. Төтенше жағдаймен күреске ТЖМ Ақтөбе облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің жеке құрамдағы 6 адамы мен 1 техникасы, ауылдық округтің 15 тұрғыны мен 4 техникасы жұмылдырылды.

Құтқарушылардың сөзіне қарағандай, барлық жағдайда да құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.