Өткен демалыс күндері елордада 24 мас жүргізуші ұсталды

АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері елордада 24 мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлады қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен.

Баспасөз қызметінің атап өтуінше, демалыс күндері жол полициясының қозғалысты жіті қадағалауы барысында 1312 түрлі сипаттағы жол ережесінің бұзылу деректері анықталған. Оның ішінде 24 жүргізуші көлікті мас күйде басқарғаны үшін ұсталған. Сондай-ақ 110 жүргізушіге жылдамдықты белгіленген шектен асырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған.

«Қозғалыстың қарсы бетіне шығудың 18, көлікті құжатсыз басқарудың - 10, қозғалыс барысында ұялы телефонды пайдаланудың - 45 дерегі тіркелді. 24 автокөлік айып тұрағына қойылды», - делінген хабарламада.