Өткен күнде белгі бар: Қуғын-сүргін құрбандары қалай ақталды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата қоғамда солақай саясаттың салдарынан көз жұмған миллиондаған адамға деген тағзым белгісі саналады. Әр жыл сайын тарихтың ақтаңдақ беттеріне байыппен баға беріліп, қуғынға ұшырағандарды толық ақтау мәселесі жүйелі жүргізіліп келеді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Тарих пен таным

Тарихшылар қазақ жеріндегі алғашқы ауқымды репрессия басталған уақытты 1928 жыл деп көрсетеді. Себебі 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы қызметіне Ф. И. Голощекин тағайындалып, зұлмат кезеңнің бірін бастаған болатын. «Кіші Қазан» революциясын жасау деген желеумен халықтың тұрмыстық ахуалын әлсіретіп, зиялыларға ауыз салғаны мәлім. Осылайша, 1930 жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Басым дені саясат, ғылым, өнер саласының өкілі еді.

Қанқұйлы заманда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов секілді қайраткерлер оққа ұшты.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Дегенмен, бұл үрдіс тек бізде орын алған қасірет деуге келмес. 1930-1953 жылдары, яғни ширек ғасырда 40 миллионнан астам кеңес азаматы репрессияға ұшыраған. Әр ұлттың ойы озық, рухы еркін интеллегенциясы нысанаға ілікті. Кейбірі Қазақстандағы арнайы лагерге қамалды. Олардың қатарында Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (КарЛаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кеңгір және Өскемен лагері бар-тын. Қуғын-сүргін жылдары аталған лагерлерге 5 миллионнан астам адам жер аударылған.

Оған қоса қазақ жеріне күштеп көшірілген Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары қаншама. 1930-1940 жылдары миллиондаған адам Қазақстанға депортацияланды. Тек 1937 жылдың өзінде мыңдаған түрік, әзербайжан, кәріс, күрдтер елге қоныс тепкені белгілі. Бұл қудалау тәсілі соғыс жылдарында да жалғасып, 1 миллионнан астам адам шарасыз ел кезді. Қазір Қазақстанда өмір сүретін неміс, грек, шешен, ингуш, қарашай, балқар этносының көбі — осы тағдыр жолымен келген қауымның ұрпағы.

311 мың адам ақталды

Десе де әділетсіз жапа шеккен адамдарды ақтау, жабылған жала, жағылған күйеден арылту көп күттірмеді. Зұлмат бастауындағы Сталин дүние салысымен-ақ Н.Хрущев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесін бастады. Осылайша, қудалауға түскен арыстар кеңестік жүйе күйрегенше бірінен соң бірі әділ бағасын алып жатты.

Тәуелсіздік жылдары мұндай қарқыны жұмыс толастаған емес. 1993 жылғы 14 сәуірде арнайы құжат – «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, 2020 жылға дейін 340 мың адам ақталды. Ал 1997 жылы Президент жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғаны есте.

Ақтау шарасының ең маңызды қадамы кейінгі жылдары орын алғанын айта кеткен жөн. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Соның нәтижесінде 2020-2023 жылдары жұмыс істеген Мемлекеттік комиссия 311 мың адамды ақтауға сеп болған еді. Осылайша, Тәуелсіздік жылдары аралығында ақталған азаматтардың саны 650 мыңнан асты.

Фото: Ақорда

Айта кетерлігі, сол кездегі Мемлекеттік комиссияның жұмысына 425 ғалым мен сарапшы атсалысты, олардың 260-тан астамы өңірлерде іздестіру жүргізген еді. Өлкелердегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архив қорлары қаралып, нәтижесінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материал құпия сипатын жойды.

Осы ауқымды істің арқасында жазықсыз қудаланған 311 мыңнан астам азаматтың толық ақталуы – ең басты жеңіс еді. Кейін Мемлекеттік комиссияның қолы жеткен мәліметтер 72 томдық кітап болып жарық көріп, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай мемлекеттік қоры да жасақталды. Мұндай жазба деректерден құрбандардың аты-жөні арқылы барлық тиісті құжатты табуға болады.

«Жалпы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң алғаш рет 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданды дедік. Содан бергі 30 жылдың ішінде құжат 7 рет жаңартылыпты. Соңғы жаңарту 2023 жылдың 19 сәуірінде енгізілген. Заңдағы ақталуға жататын тұлғалар мен ақталуға жатпайтын тұлғалардың санаты 30 жыл бұрынғы редакциясындағыдай өзгеріссіз қалған.

Әрине, тарихқа өткеннің өлшемімен қарауға болмайды, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына кедергі болмауға тиіс. Алайда Президент айтқандай, «миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз».