Өткен тәулік ішінде ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің қызметкерлері 11 қылмыс тіркеді

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде Ішкі істер министрлігі Көліктегі ішкі істер департаментінің қызмет көрсету аумағында 11 қылмыс тіркелді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Оның ішінде криминалдық полиция желісі бойынша - 8 қылмыс, оның 6-сы ізі сумай ашылды», - делінген хабарламада.

Кеше Аягөз стансасының Желілік ішкі істер басқармасына 1986 жылғы азаматша оның «NOKIA-2700» ұялы телефонын белгісіз біреу қолды қылғанын хабарлады. Оның айтуынша, оқиға 27 желтоқсанда Аягөз стансасы локомотив депосының жуынатын бөлмесінде орын алған.

Келтірілген шығын 14 800 теңгені құрады. 18 қаңтар күні ЖІІБ қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 1978 жылғы азаматшаны құрықтады. Одан ұрланған телефон тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті әйел кінәсін толық мойындап отыр.