Өткен тәулікте орын алған 5 жол-көлік оқиғасынан 6 адам мерт болды

АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте орын алған 5 жол-көлік оқиғасынан 6 адам мерт болды, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қызылорда облысында «Қызылорда-Жалағаш» трассасының 22-ші шақырымында автомобиль аударылып, жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.

Дәл осындай оқиға Солтүстік Қазақстан облысының «Саумалкөл-Айыртау» автожолының 9-шы шақырымында орын алды. «Фоьксваген» көлігінің жолаушысы рөлге ие бола алмай машина аударылған. Оқиға салдарынан көліктегі жолаушы қаза тауып, жүргізуші ауруханаға жеткізілді.

Ал Маңғыстау облысында Ақтау қаласы мен Бейнеу елді мекені арасындағы жолда КамАЗ жүк көлігі аударылып, көліктің жүргізушісі мен оның жолаушысы оқиға орнында мерт болды.

Сондай-ақ. Алматы облысына қарасты «Алматы-Астана» трассасының 218-ші шақырымында «ВАЗ» көлігі аударылып, көліктегі жолаушы оқиға орнында о дүниелік болып, 1 жастағы сәби ауруханаға жеткізілді.

Мамырдың 14-і күні түнде Батыс Қазақстан облысында «Орал-Самара» автожолында «УАЗ» және «Ауди» көліктері соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасының салдарынан бір адам бақиға аттанып, екі жолаушы жарақаттанды.