Өткен тәулікте республикада алты адам суға батып кетті

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте республикада суға батып кеткен алты шомылушының мүрделері анықталды.

Бұл туралы ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.

13 тамыз күні сағат 11:20-да Астанадағы Есіл өзеніне суға шомылу кезінде 40 жастағы ер адам батып кетті. Оның денесі жағаға ҚР ТЖМ Астана қалалық ТЖД су-құтқару қызметіндегі 3 адам мен 1 техника бірлігінің күшімен  шығарылды.

Өскемендегі Ертіс өзенінде 13 тамыз күні күндіз суға шомылу кезінде 52 жастағы ер адам батып кетті. Оның денесі судан ҚР ТЖМ ШҚО ТЖД-нің судан құтқару қызметінің күшімен (4 адам мен 1 техника) шығарылды.

12 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданындағы Бұқтырма су қоймасында қайық мінген 32 жастағы әйел одан құлап, суға батып кетті.  Оның мүрдесі 13 тамызда ҚР ТЖМ ШҚО ТЖД су-құтқару қызметінің күшімен (4 адам мен 1 техника) анықталып, шығарылды.

12 тамыз күні кешке Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы «Алтай алтын» ЖШС-нің қазаңшұңқырында шомылған «Визал» ЖШС-нің 38 жастағы геологы суға батып кетті. Оның денесі келесі күні анықталып, жағаға шығарылды.

13 тамызда Қарағанды облысының Саран қаласындағы Қарағанды өзенінде шомылу кезінде 50 жастағы ер адам суға батып кетті. Кешке оның денесі жағаға ҚР ТЖМ Қарағанды облыстық ТЖД судан құтқару қызметінің күшімен шығарылды.

Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «Қазақ көпірі» тоғанында 12 тамыз күні суға шомылған 18 жасар жігіт батып кетті. Оның мүрдесі жағаға келесі күні ҚР ТЖМ «Солтүстік аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» ММ-нің 3 адамы және 1 техникасының күшімен шығарылды.