Өткен тәулікте жол-көлік оқиғаларында 12 адам қаза тапты ? Төтенше жағдайлар министрлігі

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат – Өткен тәулікте республика бойынша жол-көлік оқиғаларында 12 адам қаза тапты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.Астанада «Бақыт» май құю стансасының қарсы алдында «Тойота» көлігінің жүргізушісі 1998 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шегуші оқиға орнында көз жұмды. Алматыдағы «Дорожник» ықшамауданында дүйсенбі күні таңертең №33 - автобус пен «Мицубиси» көлігі соқтығысып, жеңіл көліктің жолаушысы қайтыс болды, жүргізуші ауруханаға түсті. Ақмола облысында Астана-Петропавл тас жолының 122-ші шақырымында «Фольксваген» және «Тойота» көліктерінің соқтығысуы салдарынан, екі жүргізуші мен «Тойота» көлігінің екі жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Ақмола облысының Аршалы ауданында Екатеринбург-Алматы тас жолының 1288-ші шақырымында сәуірдің 20-сы күні кешке «Ниссан» көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетіп, зардап шеккен әйел оқиға орнында көз жұмды. Кеше сондай-ақ Жамбыл облысында Тараз ?Сарыкемер тас жолының 6-шы шақырымында «Ауди» және «Фольксваген» көліктері соғысып қалды. Оқиға салдарынан төрт адам көз жұмды, үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Қарағанды облысында Алматы-Екатеринбург тас жолының 947-ші шақырымында кеше таңертең «Вольво» жүк көлігі мен «Мерседес» жеңіл көлігінің соқтығысуы салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.