Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде вирусты гепатиттің алдын алу мәселесіне арналған дөңгелек үстел отырысында елорданың бас санитарлық дәрігері Сарқыт Бейсенова мәлім етті.
С.Бейсенованың айтуынша, 2011 жыл Астана қаласы үшін вирусты А гепатит ауруының циклдік көтерілу жылы ретінде болжанды. Бірақ мамандардың болжамына қарамастан, уақытында қолданылған алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар вирусты гепатит ауруларын өткен жылғы деңгейде ұстап қалуға мүмкіндік берді. 2011 жылдың тоғыз айында Астанада А гепатитіне шалдығудың 73 жағдайы тіркеліп, 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 10,5-ті құрады (2010 жылы - 10,3). Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы - 38 пайыз (2010 жылы - 45 пайыз).
«Жас ерекшелігі бойынша, ең көп ауырғандар 20-29 жас аралығындағы азаматтар (37 пайыз) мен 15-19 жастағы жастар (15 пайыз). Балалар арасында көп жағдай 7-14 жастағылар арасында тіркелді (33 пайыз). Кәсіби құрам бойынша мектеп оқушылары - 37, студенттер - 15 пайызды құрады», - деді ол.
СЭҚ департаменті басшысының сөзіне қарағанда, 2005 жылдан бастап Астана қаласында 2 жастағы балаларға жоспарлы иммундау өткізіле бастады. Бұл А гепатитінің балалар көп шоғырланған мекемелерде тіркелмеуіне және 7 жасқа дейінгі балалар арасында науқастану көрсеткішін азайтуға септігін тигізді.
Мамандардың пікірінше, А гепатитінің негізгі берілу жолдары мен факторлары әлі де тұрмыстық-қатынастық жолдар болып табылады. Атап айтқанда, вирус 14 пайыз жағдайда науқаспен тікелей қатынасқа түскеннен кейін, 21 пайызында жеке бастың гигиенасын сақтамағаннан және 11 пайызында өзге елді мекенде болып келгеннен кейін жұққан. Тексеру нәтижелері, 7 пайыз жағдайда вирус су арқылы берілгенін анықтаса, 44 пайызында берілу жолдары белгісіз болып қалды. «Бұл жағдайда адам, гепатиттің сарғаюсыз өтетін түрімен ауырған науқаспен қатынаста болған болуы мүмкін», - дейді С.Бейсенова.
А гепатитінің тамақтану жолымен түсуіне зерттеу жүргізу үшін департамент мамандары жыл бойы қала базарларындағы көкөністер мен жемістерден сынамалар алады. Биылғы 186 сынаманың 5-уінде ротавирусты антиген анықталып, көкөністер мен жемістердің ластанғанын дәлелдеді.
Департамент басшысы, гепатитке қарсы иммундау жергілікті бюджет есебінен тек 2 жасқа толған балаларға ғана жүргізіледі. Ал 7-ден асқан балаларды «On Clinik» және «Open Clinik» медициналық орталықтарында ақылы негізде еге алатынын еске салды.